Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшелері Цифрландыру басқармасында атқарылып жатқан жұмыстарға сәйкес қоғамдық бақылау жүргізді. Іс-шара барысында кеңес мүшелері басқарманың жұмыс жоспарымен танысып, іске асырылып жатқан негізгі бағыттар мен бағдарламалар бойынша ақпарат алды. Сонымен қатар, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар пысықталып, бірлескен іс-қимылдар жоспары талқыланды.
«Елімізде салаларды цифрлық трансформациялау айтарлықтай нәтиже беруде. Жүргізіліп жатқан ауқымды цифрлық трансформация аясында Шымкент қаласында да басқару тиімділігін арттыруға, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық кедергілерді азайтуға, сондай-ақ азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық шешімдер кешені енгізілді» деп атап өтті Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.
Бүгінгі таңда барлық салада цифрландыру кеңінен енгізіліп, азаматтардың өмір сүру сапасын жеңілдуде. Айталық, мемлекеттік қызметтердің 92%-ын онлайн алуға болады. Азаматтарға арналған цифрлық сервистер ыңғайлы, жедел әрі ашық. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеделдетіп, ашық әрі қолжетімді ете түсуде. Электронды медициналық анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын цифрлық форматқа толық көшірілді.
Балабақшалар мен мектептерге қабылдау цифрлық форматқа ауыстырылды. Оқушының бір мектептен екінші мектепке ауысуына бұрын бес күн кететін, қазір бір күнде ауыса алады. ЖОО-ға қабылдау және жатақханаға орналастыру онлайн түрде жүзеге асырылады, бірыңғай қызмет құжат тапсыруға, емханаға тіркелуге, әскери есепке тұруға және жатақханадан орын алуға мүмкіндік береді. Жол-көлік оқиғасына қатысты еврохаттама рәсімі енгізілді: мобильді қызмет полицияның қатысуынсыз жазатайым оқиғаларды тіркеуге мүмкіндік береді.
Мұхит Кемелов қоғамдық кеңес мүшелеріне цифрлық құзіреттіліктерді арттыру, мемлекеттік басқарудағы технологиялық шешімдерді тиімді пайдалану және жасанды интеллектінің мемлекеттік басқарудағы рөлі мен оның тиімділігін арттырудағы ықпалы туралы баяндады.
Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында осындай бақылау шараларының маңыздылығын атап өтті.
