Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2026 жылға арналған каскадты оқыту жоспарын іске асыру аясында комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинарын өткізуді жалғастыруда. Іс-шараның басты мақсаты – алдағы Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қажетті кәсіби дайындықты арттыру және сайлау заңнамасын практикада тиімді қолданудың нақты тетіктерін түсіндіру болып табылады.
Семинар барысында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының міндеттері мен жауапкершіліктері жан-жақты талқыланды. Қатысушыларға сайлау науқанының негізгі кезеңдері бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Олардың қатарына сайлау учаскелерінің жұмысын үйлестіру, учаскелік комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, каскадты оқыту жұмыстарын жүргізу, дауыс беру процесінің заң талаптарына сай өтуі, байқаушылардың құқықтарын толық сақтау және дауыс беру қорытындыларын ресми түрде рәсімдеу жатады.
Іс-шарада комиссия төрағасы Т.Бекқұлы сайлау науқанын ұйымдастырудағы негізгі талаптар мен практикалық тапсырмалар туралы маңызды мәліметтер берді. Ал комиссия хатшысы Н.Қошқарбаев құжаттама жүргізу тәртібі мен ұйымдастырушылық сұрақтарға тоқталып, қатысушыларға нақты әдістемелік кеңестер ұсынды. Семинардың соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы сайлау науқанына сеніммен әзірленетіндіктерін білдірді.
