Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Бекмановпен кездесті. Кездесу барысында Шымкент қаласының цифрлық трансформациясы және заманауи IT-шешімдерді қалалық инфрақұрылымға енгізу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды нағыз цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде айтып өтті. Кездесу барысында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы бірқатар IT-шешімдерімен таныстырды. Атап айтқанда «Smart Data Ukimet», «eOtinish AI», «QazTech» платформасы, жасанды интеллект негізіндегі құқықтық сараптама және бейнебақылау жүйелерін біріктіру жобалары қаралды. Әсіресе жасанды интеллекттің мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудағы мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Аталған бастамалар деректерге сүйене отырып жедел басқарушылық шешім қабылдауға, тұрғындардың өтініштерін өңдеу процесін автоматтандыруға және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, IT-шешімдер сараптама жүргізу уақытын қысқартады, бұл заң шығару процесінің жеделдігін айтарлықтай арттырады. Талдаудың дәлдігін арттырады және адами фактордың ықпалын азайтады. Уақыт пен қаржы ресурстарын үнемдейді, бұл бюджеттердің оңтайландырылуына ықпал етеді. Процестерді жеделдетеді және заң бөлімдерінің жұмыс сапасын арттырады.
— Цифрлық трансформация жай ғана тренд емес, ол біздің болашағымызды айқындайтын стратегиялық бағыт. Біз ұсынатын құралдар әмбебап және оларды мемлекеттік басқарудан бастап бизнеске дейінгі түрлі салаларға бейімдеуге болады. Қазақ елі өзінің ұлттық дәстүрі мен рухын сақтай отырып, заман талабына сай технократтық мемлекетке айналуы керек деп есептеймін. Әлемге танылу үшін тек рухани құндылық жеткіліксіз, нақты технологиялық жетістіктер мен сапалы өнімдер қажет. Дамығын елдер үлгісінде жаңа технология жасап, өндіруші елге айналғанда ғана Қазақстанның болашағы жарқын болатынына мен күмәнсіз сенемін, — деп атап өтті Дәулет Бекманов.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен әріптестік Шымкенттің цифрлық экожүйесін дамыту және қала тұрғындарының өмір сүру жайлылығын жақсарту бағытында маңызды қадам болып саналады.
