Шымкент қаласында Жұмысшы мамандықтар жылына орай, өңірлік іс-шаралар жоспарында «Мансап компасы» платформасында 4000 студентті кәсіптік бағдар беруді ұйымдастыру қажеттілігі көрсетілген. Бекітілген іс-шараны жүзеге асыру мақсатында Мансап орталықтары қала аумағында орналасқан колледж, мектеп түлектеріне еңбек нарығындағы жағдайды түсіндіру (www.enbek.kz) және «Мансап компасы» платформасында (mansap.enbek.kz) кәсіптік бағдар беру жұмыстарын атқаруда.
«Мансап компасы» порталы әрбір адамға мамандық таңдау немесе мансап жолын жоспарлау кезінде толық әрі сенімді ақпарат ұсынуға арналған. Мұнда университеттер, колледждер және еңбек нарығы туралы өзекті аналитика жинақталған.
Қазіргі таңда платформада Қазақстандағы жоғары сұранысқа ие 744 мамандық бойынша аналитика ұсынылған. Болашақта база үнемі жаңартылып, сервис кәсіби бағдар беру және тәлімгерлік қызметтерімен толықтырылады.
Платформа университеттер мен колледждердің талапкерлері мен түлектеріне. мансап жолын саналы түрде құруды мақсат ететіндерге, өз кәсібін өзгерткісі келетін немесе еңбек нарығында сұранысқа ие болуды қалаған кез келген адамға арналған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 744 негізгі кәсіп бойынша 9 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл кәсіптер бизнес, өнеркәсіп, IT, өнер, медицина және басқа да салаларды қамтиды.
«Мансап компасы» сайтында әрбір мамандыққа қатысты мынадай нақты деректер ұсынылады:
o орташа жалақы деңгейі;
o осы салада жұмыс істейтін адамдар саны;
o мамандыққа дайындық жүргізетін оқу орындары;
o грантқа түсу ықтималдығы.
Бұл ресурс – болашақ мамандықты таңдаудағы негізгі құрал. Ол талапкерлерге, студенттерге және еңбек жолын жаңадан бастаушыларға саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
Осы ретте, Шымкент қаласында «Мансап орталықтарының» осы жылдың мамыр айына дейінгі мәліметіне сәйкес, жалпы 8274 түлек, оның ішінде 29 колледждің 3570 студенті және 57 мектептің 4704 бітіруші түлектері кәсіптік бағдармен қамтылды.
