ШЫМКЕНТТІҢ ЖАС РОБОТОТЕХНИКТЕРІ ӘЛЕМДІК ЧЕМПИОНАТҚА ДАЙЫНДАЛУДА

Шымкенттің жас робототехниктері Рамазан Нәбиев пен Аян Хусан 26–28 қараша аралығында Сингапурде өтетін World Robot Olympiad (WRO) әлемдік чемпионатына Қазақстан мемлекетінің атынан қатысып, ел намысын қорғайды.

World Robot Olympiad (WRO) — Дүниежүзілік робот олимпиадасы. Бұл — жастарға арналған робототехника бойынша жаһандық жарыс. Роботтар олимпиадасы алғаш рет 2004 жылы Сингапурде өткізілген. Бүгінде халықаралық олимпиадаға  әлемнің 90-нан астам елінен жастар қатысады.  Әр мемлекетте іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, үздік шыққан командалар әлемдік финалда бақ сынайды. Биыл әлемдік финал 26–28 қараша аралығында өтеді.

Шымкенттік жас өнертапқыштар үшін әлемдік чемпинатқа жолдама алу оңай болған жоқ. RoboStorm командасының мүшелері Рамазан Нәбиев пен Аян Хусан  қалалық іріктеуден сәтті өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Республикалық чемпионатта 2-орын иеленіп, оқу-жаттығу жиынына қатысу мүмкіндігін алды. Аталған жиын 25–29 тамыз күндері Астана қаласында өтті. Мұнда еліміздің ең үздік командалары күрделі тапсырмаларды орындап, өзара бақ сынасты. Жаттығу жиынының  қорытындысы бойынша олар 1-орынды иеленіп, халықаралық кезеңге жолдама алды. Олардың жетекшісі – Мағжан Айдарәлі.

Рамазан мен Аян – Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары.

Айта кетейік, жыл басында  Shymkent Hub пен Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісімнің басты мақсаты – балаларға сапалы робототехника білімін беру және олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды. Назарбаев Зияткерлік мектебі RoboPark орталығына тек оқушыларды ғана емес, робототехника құрылғыларын да беріп, толық қолдау көрсетті.
Меморандум нәтижесінде NIS оқушылары RoboPark орталығында жеті ай бойы тегін дайындалды. Осы уақыт ішінде Shymkent Hub-тың резиденті RoboPark орталығы тәжірибелі жаттықтырушылармен бірлесе отырып, оқушыларды даярлау бағытында ауқымды жұмыс атқарды.

Бұл жетістік – оқушылардың табандылығы мен тәлімгерлердің еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі таңда жас өнертапқыштар әлемдік финалға дайындалу үстінде.

Оқушылардың дайындығына Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы мен Shymkent Hub IT паркі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар