Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды. Сапардың басты мақсаты — Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын бақылау болды. Іссапар аясында аудандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және жол-көлік жүйесін жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстар пысықталды.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарын ҚазССР-нің 40 жылдығы ауылындағы «Толағай» сауықтыру лагерінің қызметімен танысудан бастады. Бұдан кейін Атакент кентіндегі №9 «Жігер» бөбекжай балабақшасына ат басын бұрып, мекеменің қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелерін зерделеді.
Ауданның арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың құрылыс жұмыстары да ерекше назарға алынды. Бұл жобалар өңір экономикасына инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Бағдарламаға сәйкес, Еркебұлан Дауылбаев облыстық маңызы бар КХ-77 «Дихан – Еңбекші – Жайылбаев – Жеңіс – Сырдария – Фирдоуси» автомобиль жолының 27+600 шақырымындағы көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар Фирдоуси елді мекенінде бой көтеріп жатқан 12 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй құрылысының барысын қарап, мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Мырзакент кентінде де бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар араланды. Атап айтқанда, Тайғанов көшесінде орналасқан «Мырзакент» мектеп-гимназиясындағы күрделі жөндеу жұмыстарының орындалу барысы мен Мәдіқожаев көшесіндегі «Оқу өндірістік комбинаты» мекемесінің қызметі қаралды. Бұл ретте білім беру саласындағы материалдық-техникалық базаны дамыту мәселелеріне басымдық берілді. Сапар барысында кентте салынып жатқан жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №6 арнайы балабақша-бастауыш мектеп-интернатының жағдайы да назардан тыс қалмады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында құрылыс сапасы, әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілу мерзімдері, инвестициялық жобалардың орындалуы және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндеттер талқыланды.
Еркебұлан Дауылбаев жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді ескере отырып, белгіленген жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтауды міндеттеді.
