МАҚТААРАЛДАҒЫ «ЦЕЛИННЫЙ» МЕН «СЫРДАРИЯ» ӨТКІЗУ БЕКЕТТЕРІ ЕНДІ ТӘУЛІК БОЙЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық қарым-қатынаста маңызды жаңалық бар. Екі ел шекарасында орналасқан «Целинный» және «Сырдария» өткізу бекеттерінің мәртебесі «екіжақтыдан» «халықаралық (көпжақты)» деңгейге ауыстырылады. Бұл туралы заң жобасы ҚР Парламентінде қаралып, мақұлданды. Ең бастысы — бұған дейін тек күндіз ғана жұмыс істеп келген бұл бекеттер енді тәулік бойғы режімге көшіріледі.

Қабылданатын өзгерістердің ішінде кәсіпкерлер үшін ең тиімдісі — «Целинный» өткізу пункті арқылы енді ауыр жүк көліктерінің де өтуіне рұқсат берілмек. Бұл шешім шекарадағы жүк тасымалының көлемін еселеп арттырып, халықаралық сауда байланысын жаңа деңгейге көтереді.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бұл өзгерістер өткізу бекеттерінің қабілетін арттырып, жолаушылар мен жүк көліктерінің қозғалысын жеделдетеді. Азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, екі ел арасындағы көлік-транзиттік байланыс нығая түспек.

Сандарға сүйенсек, өткен жылдың өзінде бұл бекеттер арқылы 920 мыңнан астам адам мен 85 мың көлік өткен. Жаңа режім енгізілгеннен кейін шекарадағы ұзын-сонар кезек пен күту уақыты едәуір қысқарады.

Бұл бастама Түркістан облысы, соның ішінде Мақтаарал ауданы үшін стратегиялық маңызға ие. Географиялық тұрғыдан тиімді тұста орналасқан аудан енді екі ел арасындағы негізгі сауда торабына айналмақ. Шекараның тәулік бойы ашық болуы ең алдымен өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей қолдау болады. Өнімдерді экспорттау мен импорттау үдерісі жеделдеп, тез бұзылатын тауарлардың шекарада тұрып қалу қаупі толықтай жойылады.

Сонымен қатар бұл өзгеріс жергілікті бизнестің дамуына соны серпін береді. Ауданда логистикалық қызметтер, заманауи қоймалар, көтерме сауда мен сервистік инфрақұрылым желісі кеңейеді. Осындай ірі транзиттік әлеует өңірге жаңа инвестициялық жобалардың келуіне жол ашып, соның нәтижесінде қосымша жұмыс орындары құрылады және халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артады.

Шекаралық қозғалыстың жеңілдеуі өңірдегі туризм мен қызмет көрсету саласын да айналып өтпейді. Күнделікті ары-бері өтетін жолаушылар ағынының еселенуі қонақүйлердің, қоғамдық тамақтану орындары мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің табысын айтарлықтай арттырмақ.

Осылайша, «Целинный» мен «Сырдария» бекеттерінің мәртебесін өсіріп, жұмысын үздіксіз ету — жай ғана шекараны ашу емес, Мақтаарал ауданы мен тұтас өңірдің экономикасын өрге сүйрейтін сындарлы қадам болмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар