МАҚТААРАЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ МЕШІТ ЖАМАҒАТЫН АЛАЯҚТАРДАН САҚТАНДЫРДЫ

Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың дамуымен қатар, интернет-алаяқтық қылмысы да қоғамдағы өзекті әрі күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Осы орайда Мақтаарал ауданының полицейлері халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және киберқылмыстың алдын алу мақсатында тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер өткізуді игі дәстүрге айналдырған.

Мемлекет басшысы елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын берік орнықтыруды және әрбір азаматтың қауіпсіздігін, оның ішінде қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарға алған болатын. Бұл ретте құқық қорғау органдары тек қылмысты ашып қана қоймай, оның алдын алуға, халықты ақпараттандыру арқылы елде қауіпсіз қоғам орнатуға ерекше көңіл бөлуде.

Осындай кезекті маңызды профилактикалық іс-шара Мырзакент кентінде орналасқан «Амандық» мешітінде жұма намазы кезінде ұйымдастырылды.

Жұма намазы – аудан тұрғындарының көптеп жиналатын орны болғандықтан, мұндай маңызды ақпаратты жеткізу үшін өте тиімді алаң саналады. Мешіт жамағатымен кездескен полиция қызметкерлері бүгінгі күні кеңінен таралған телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың қыр-сырын егжей-тегжейлі түсіндіріп, олардан қорғанудың негізгі жолдарымен бөлісті.

Тәртіп сақшылары өз сөздерінде халықты жиі алдайтын айла-тәсілдерге кеңінен тоқталды. Әсіресе, өздерін «банк қызметкері», «полиция қызметкері» немесе «апатқа ұшырап, шұғыл көмек сұраған туысы» ретінде таныстырып, қоңырау шалатын жымысқы әрекеттердің елімізде көбейгені қатаң ескертілді. Полицейлер мұндай жағдайда сабыр сақтап, кез келген ақпаратты міндетті түрде ресми көздерден тексеру керектігін айтты. Ең бастысы – жеке куәлік мәліметтерін, банк картасының нөмірлерін, CVV-кодтарды және ұялы телефонға келетін құпия SMS-кодтарды ешкімге, тіпті ресми тұлға болып көрінген адамдарға да бермеу қажеттігі шегелеп айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі оңай олжа табуға шақыратын жалған жарнамалар мен аса тиімді болып көрінетін онлайн несие ұсыныстарының артында көбінесе қаскөйлер тұратыны назарға алынды.

Жиын барысында полицейлер тұрғындарды ақпараттық қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай сақтауға шақырып, кез келген күмәнді немесе күдікті жағдай орын алған сәтте уақыт жоғалтпай, дереу «102» жедел желісіне хабарласу қажеттігін еске салды.

Бұл бастаманы мешіт имамы да толықтай қолдап, өз кезегінде жамағатқа сөз арнады. Ол мұсылман қауымын алаяқтардың арбауына түспеу үшін барынша абай болуға, дүние-мүлікке ұқыпты қарауға және құзырлы органдар мамандарының айтқан пайдалы кеңестеріне құлақ асуға үндеді.

Мұндай бірлескен іс-шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырып, азаматтарды қылмыстық пиғылдағы адамдардан қорғауға зор үлесін қосатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар