Мақтаарал ауданында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында құрылған мобильді топ қоғамдық орындарда кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды. Аталған шараның негізгі мақсаты – аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Рейд барысында мобильді топ мүшелері саябақтарды, скверлерді, жағалау аймақтарын, демалыс орындарын, базарлар маңын және халық көп шоғырланатын өзге де қоғамдық нысандарды аралап, тұрғындармен кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді әрі қоғамдық орындардың тазалығына қатаң бақылау жасады.
Тексеріс қорытындысы бойынша тазалық қағидаларын бұзудың барлығы 21 дерегі тіркелді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша қоғамдық орындарды ластаған 3 азаматқа қатысты, сондай-ақ 505-бабы бойынша елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзған 18 азаматқа қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы көлемі 129 750 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды.
Рейд кезінде мобильді топ мүшелері тұрғындарға қоршаған ортаны ластамау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастау және қолданыстағы заңнама талаптарын бұлжытпай орындау жөнінде түсіндірме беріп, профилактикалық жадынамалар таратты.
Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Осы орайда аудан әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды қоғамдық орындарда тазалықты сақтауға, табиғатты аялауға және заң талаптарын құрметтеуге шақырады.
