Отбасылық саясат мемлекетіміздің әлеуметтік басымдықтарының қатарында әрқашан ерекше орын алады, өйткені ұлттың болашағы мен тұтастығы ең алдымен шағын орта – шаңырақтың беріктігіне тікелей байланысты. Осы орайда Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Мырзакент кентінде ата-аналар қауымына арналған «Жанұя-бақыттың тірегі» атты мазмұнды семинар-тренинг жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Ата-ана мен бала қарым-қатынасындағы өзекті мәселелерді шешуге, сондай-ақ ересектердің психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін арттыруға бағытталған бұл шара қоғам тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Баланың толыққанды дамуына, психологиялық жайлылығы мен қауіпсіздігіне қолайлы жағдай жасау, отбасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту шараның басты өзегіне айналды. Сонымен қатар жиын барысында жас ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғау, ата-ана мен бала арасындағы жылы әрі сыйластық қарым-қатынасты қалыптастыру, отбасының тәрбиелік әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар баланың психоэмоциялық жағдайын тұрақтандыру, ата-аналық жауапкершілікті күшейту, кәсіби педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету және отбасылық келіспеушіліктердің ерте алдын алу жолдарымен танысты.
Тәжірибелі мамандар қатысушыларға баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеудің әдістерін түсіндіріп, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаға құрметпен қарау және оның пікірін тыңдай білу мәдениеті туралы маңызды кеңестер берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде отбасындағы психологиялық ахуал түбегейлі жақсарып, бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынас нығая түседі. Алдағы уақытта бұл игі бастамалардың арқасында баланың ортаға бейімделуі, оқу үлгерімі мен өзін-өзі бағалау деңгейі оң бағытта өзгеретініне сенім мол.
