СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам арасындағы тығыз байланысты нығайтудың басты тетігіне айналған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аймақтарда нақты істермен көрініс тауып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың кезекті көрінісі Созақ ауданында өтіп, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, түйінді түйіндерді тарқатуға бағытталған бұл кездесуде әрбір тұрғынның үні назардан тыс қалмады.

 Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған өзекті мәселелерін ортаға салды. Жиі көтерілген тақырыптардың қатарында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ жер қатынастары мен инфрақұрылымға қатысты сауалдар бар. Тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс-пікір мұқият тыңдалып, аудан басшысы мәселелердің мән-жайына жіті үңілді.

Жиын барысында көтерілген сұрақтардың бірқатары сол жерде шешімін тауып, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Ал заң аясында зерделеуді және уақытты қажет ететін күрделі мәселелер жеке бақылауға алынып, олардың орындалу барысы тұрақты түрде қадағаланатын болды. Тұрғындардың өтініштерін қарауға аудан әкімінің салалық орынбасары, тиісті бөлім басшылары және бірқатар ауылдық округ әкімдері қатысып, азаматтарға заң аясында жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мұндай ашық диалог алаңдары тұрғындардың әкімдік жұмысына деген сенөмін нығайтып қана қоймай, өзекті мәселелердің жедел шешілуіне жол ашады. Халық пен билік арасындағы тікелей қарым-қатынастың орнығуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының кепілі. Созақ ауданындағы бұл игі дәстүр алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, әрбір азаматтың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар