МАҚТААРАЛДА «ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Бүгін Мақтаарал аудандық Мәдениет үйінде күллі түркі әлемінің ортақ мақтанышына айналған хакім Қожа Ахмет Ясауидің баға жетпес рухани мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» атты ауқымды ғылыми-танымдық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мазмұнды іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойшыл мұрасын елімізде және шетелде терең дәріптеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған өңірлік жобаны табысты іске асыру мақсатында қолға алынды.

Жиынның басты мұраты – бабамыздың рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеп, оның өшпес тағылымын қоғамға кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік пен адамгершілік тәрбие негіздерін терең сіңіру.

Маңызды басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков арнайы қатысты. Сондай-ақ жиынға белгілі ғалымдар, білікті дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен ауданның белсенді тұрғындары жиналды.

Іс-шараны тізгіндеген Мұрат Тастанбеков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ясауи керуені» жобасы Түркістан өңірінің барлық қалалары мен аудандарын түгел қамтитынын айрықша атап өтті.

Жиынды ресми түрде ашқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ұлы тұлғаның мұрасын ел арасында насихаттаудың идеологиялық және саяси маңызына тоқталып, жастарды рухани азықпен қамтудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Семинар барысында отандық ғылым мен дінтану саласының көрнекті өкілдері тұщымды баяндамалар жасап, қатысушыларға тарихи деректер мен ғылыми тұжырымдарды ұсынды. Атап айтқанда, профессор Досай Кенжетай Ясауи тұлғасының тарихи-рухани салмағын жан-жақты сараласа, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, ойшыл ілімінің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы айрықша орнын дәйектеді. Ал дінтанушы Сержан Оразбай «Диуани хикметтің» адамгершілік пен имандылықты дәріптеудегі құдіретіне тоқталса, философия докторы Мұхит Төлеген Ясауи ілімінің қазақтың салт-дәстүрлерімен және ұлттық дүниетанымымен сабақтастығын ғылыми тұрғыдан терең ашып көрсетті. Бұл баяндамалар қатысушылардың рухани көкжиегін кеңейтіп, бабалар іліміне деген қызығушылығын бұрынғыдан да арттыра түсті.

Ғылыми талқылаулардан кейін жиын өз жалғасын еркін пікір алмасу форматында жалғастырып, қатысушылар баба мұрасын заманауи қоғамда зерттеу, жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану және рухани іргетасты нығайту мәселелерін қызу талқылады.

Семинарды қорытындылаған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы – күллі түркі әлемінің баға жетпес қазынасы екенін атап өтіп, мұндай ғылыми-танымдық кездесулер ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың рухани тәрбиесін нығайтуға және қоғамда адамгершілік қағидаларын орнықтыруға зор үлес қосатынын жеткізді.

«Ұлы ойшылдың «Диуани хикмет» еңбегінде көрініс тапқан адамгершілік, әділдік, мейірім мен рухани кемелдену қағидалары бүгінгі қоғам үшін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл құндылықтар – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты рухани тұғырлардың бірі. Семинар барысында ортаға салынған ғылыми ойлар мен тұжырымдар, тағылымды пікірлер Қожа Ахмет Ясауи мұрасын тереңірек танып-білуге, рухани құндылықтарды кеңінен дәріптеуге және жастар тәрбиесіне тың серпін береді деп сенемін» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, рухани маңызы жоғары «Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта да Түркістан өңірінің басқа да аудан-қалаларында жалғасын тауып, ұлы тұлғаның өшпес мұрасын әрбір азаматтың жүрегіне жеткізуге бағытталған игі шаралар легін жалғастыратын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар