КАДРЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ БЕРУДІҢ ЖОЛЫН ЖАБАДЫ

Цифрландыру еңбек қатынастарының заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жалған жұмысқа орналасуды болдырмауға, ұйымның құрылымы, штат саны, лауазымдары мен қызметкерлердің жалақысы туралы жалған мәлімет берудің жолын жабады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Жеңіс МАҚҰЛБАЕВ Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында еңбек қатынастарын цифрландыру нәтижесінде анықталған кемшіліктер туралы айтып өтті.

Департамент басшысының мәлімдеуінше,  Шымкентте жалпыұлттық пул аясында құны 4 триллион теңгеге бағаланатын 105 инвестициялық жоба дайындалған. Бұл жобалар 17 253 жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Алайда, бүгінгі күнге дейін 861 ғана жұмыс орны ашылған.

Бүгінде  105 инвестициялық жобаның 25-і іске асырылуда, ал  80 жоба жүзеге асыру сатысында тұр. Еңбек инспекциясы бұл жобалардың барлығына мониторинг жүргізіп отыр. Министрдің тапсырмасына сәйкес, 37 инвестициялық жобаға мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке жауапты ретінде бекітілген.

Осы 37 жобада ашылуға тиіс жұмыс орындары – 2 984 болса, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелген еңбек шарттарының саны – 5 505.

Бұл жұмыс орындарының толық ашылғанынан гөрі, кейбір жобаларда артық есеп жүргізілгенін немесе шарттар нақты жұмыс орындарына сай келмейтінін көрсетеді.

Еңбек инспекциясының мәліметі бойынша, кейбір жобаларда нақты жұмыс орындары ашылмаған. Солардың қатарында  «Отрар Констракшн» ЖШС,  «Кока-Кола Алматы Ботлерс» БК» ЖШС,  «Qz Сhemical Impex» ЖШС, «Евро Знак» ЖШС,  «Сабаева Г» ЖК,  «БКА-Бетон» ЖШС-лар бар.

— Кадрлық іс жүргізуді цифрландыру мақсатында, жұмыс беруші қызметкердің еңбек шартында (жұмысты орындау орны, еңбек шартының мерзімі, лауазымы, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі және т.б.) көзделген еңбек қызметі туралы ақпаратты, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕАБЖ) енгізуге міндетті, — деді Жеңіс Тілләбайұлы.

Шымкент қаласындағы еңбек қатынастарын цифрландыру мен жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жоспарлар бар. Дегенмен, олардың орындалу деңгейі әлі де болса көңіл көншітпейді. Жұмыскерлердің құқықтарын қорғау үшін жүйелі бақылау, кәсіпорындармен нақты жұмыс және ашық ақпараттық саясат – бұл саладағы негізгі құралдар болып қала бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар