Шымкент бүгінде өзге өңірдегі отандастарымыз ғана емес, шетелдік туристер көп келетін қалалардың біріне айналып үлгерді. Елімізде туристер үшін сапарды жоспарлаудан бастап тұру мен кері байланысқа дейінгі сапардың негізгі кезеңдерін біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе болмағанмен, сырттан келген туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалған. Бүгінде елімізге келген әрбір шетелдік қонаққа QR-коды бар карточка беріледі.
Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі Туристерге қызмет көрсету взводының қызметкері — полиция капитаны Диана Есенгелдиева шетелден келген азаматтарға осы туристік карта туралы кеңінен түсіндірді. Бұл QR-код туристерге қажетті ақпаратты ұсынатын SafeTravel.kz атты көп тілді электрондық порталға бағыттайды.
SafeTravel.kz жүйесі туристердің Қазақстанда қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етуге арналған. Порталда қаланы бағдарлауға көмектесетін карта мен танымал қосымшаларға сілтемелер, ресми такси қызметтері мен онлайн тасымалдау платформаларының тізімі және ұялы байланыс операторлары мен олардың ресми сайттарына сілтемелер секілді маңызды ақпараттар мен қызметтер қолжетімді. Сонымен қатар, «102» мобильді қосымшасы – полициямен жедел байланыс орнатуға арналған, SOS функциясы бар.
Электрондық порталда болу тәртібін түсіндіретін ережелер жиынтығы бар көші-қон заңнамасы бойынша жадынама мен төтенше жағдайлар кезінде қажетті іс-әрекеттер алгоритмі, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құтқару қызметтерінің байланыс нөмірлері де қамтылған.
Порталда ақпараттар төрт тілде — қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде орналастырылған.
Бұл бастама Қазақстандағы туристердің қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, елдің халықаралық имиджін жақсартуға да бағытталған. Жаңа жүйе шетелдік қонақтардың елімізде жайлы және сенімді саяхаттауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстанды шетелдік инвестициялар үшін тартымды әрі қауіпсіз бағыт ретінде көрсетуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы туристерді тарту бойынша республикалық көрсеткіште 4-ші орында тұр.. Ресми деректерге жүгінсек, былтыр қалаға 507 866 адам келген. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (499 098 адам) 13,1 пайызға артық. Оның ішінде, ішкі туризм бойынша келушілер саны (475 235 адам) 13 пайызға, кіру туризмі бойынша келушілер саны (32 631 адам) 13,7 пайызға артты.
