ӨМІР ЖОЛЫ – ӨНЕГЕ МЕКТЕБІ: ҒАСЫРМЕН ҚАНАТТАС ҒҰМЫР КЕШКЕН АНА

Елге еңбегі сіңген, өнегелі ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен туған өлкенің игілігіне арнаған ардагерлердің өмір жолы – бүгінгі ұрпақ үшін таусылмас тәрбие мектебі. Oсындай тарих көшін жалғап келе жатқан бірегей тұлғалардың бірі – Арыс қаласында ғасыр жасап, бейбіт күннің арайлы таңына куә болып отырған Сағадат САЙФУЛОВА.

1926 жылы дүниеге келген Сағадат әженің өмір жолы – қазақ халқының тарихи бурыл тағдырының, қайсарлығы мен төзімділігінің айнасы. Тарихтың ең ауыр сынақтарын бастан кешіп, ашаршылықты көрген, Ұлы Отан соғысында тылда еңбек етіп, ел мен жердің амандығы үшін тер төккен осындай асыл жандардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ол сол бір сын сағаттарда еңсесін түсірмей, қоғамның дамуына үлес қосуды мақсат етті. Бейбіт заман орнаған соң да қарап қалмай, стратегиялық маңызы бар теміржол саласында 40 жыл адал еңбек етіп, құрметті зейнетке шықты. Қарапайым еңбек адамының ел дамуына қосқан үлесі мен еңбек жолы – бүгінгі жас буын үшін нағыз өнеге мектебі.

Адал еңбек пен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік кез келген өңірдің өсіп-өркендеуі мен жарқын болашағының басты кепілі болып табылады. Сағадат әже тәрізді ардақты жандардың табандылығы мен іске деген жауапкершілігі өскелең ұрпаққа нағыз өмір сабағын береді. Туған жердің әрбір қадамына жанын салып, маңдай терін төгу – патриотизмнің ең шынайы көрінісі. Осындай өнегелі ғұмыр пен адал жол жас буынның жүрегіндегі елге, жерге деген ыстық ықыласты оятып, еңбекті қадірлеуге баулиды. Бүгінде 100 жасқа толған тыл ардагері ұлы мен қызының, төрт немересі мен алты шөбересінің ортасында шаттыққа бөленіп, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Ғасырмен қанаттас өмір сүрген ананың мағыналы ғұмыры – біздің тарихымыздың тірі шежіресі, тек бір әулеттің ғана емес, бүкіл Арыс өңірінің мақтанышы.

Осындай бірегей тұлғаларды ардақтап, ұрпақтар сабақтастығын сақтау – елдігіміздің нышаны. Халықаралық қарттар күні қарсаңында өңірімізде осы ізгі үрдістің жарқын көрінісі ретінде жүрек тебірентерлік іс-шара орын алды. Қала әкімі Қайсар Маңқараев қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ізбасар Назаровпен және Арыс қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция майоры Тілектес Бердіқұлұлымен бірге елге еңбегі сіңген бірқатар тыл ардагерлері мен Батыр аналардың, соның ішінде ғасыр жасаған Сағадат әженің шаңырағына арнайы барып, мерейлі мерекесімен құттықтады.

Ел игілігі мен ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған ардагерлерге ізгі тілектер айтылып, естелік сыйлықтар табысталды. Жергілікті билік пен құқық қорғау саласы басшыларының бұл қадамы – мемлекет пен халықтың бірлігін, үлкенге деген шексіз құрметті паш ететін нағыз патриоттық қадам. Осындай шынайы ілтипаттың арқасында ардагерлердің жүрегі жылып, мемлекеттің қамқорлығын терең сезінді. Кешегі қиын-қыстау заманда ерінбей еңбек еткен асыл жандардың арқасында бүгінгі бейбіт күнге қол жеткіздік. Отанға деген сүйіспеншілік пен туған жерге адалдық деген ұғымдар дәл осындай тұлғалардың өмір жолынан бастау алады. Ақ жаулықты аналарға көрсетілген құрмет – туған елімізге деген патриотизм мен ұлттық тұтастықтың шынайы көрінісі, ал бейбіт өмірдің қадірін біліп, бірлік пен ынтымақта өмір сүру – әрбір қазақстандық үшін басты парыз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар