СОЗАҚ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартуды, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және қолжетімді етуді басты міндет ретінде қоямыз» деген тапсырмасына сәйкес, әділетті Қазақстан құру жолындағы әлеуметтік реформалар өңірлердегі медициналық нысандарды жаңғырту арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстар Созақ ауданында да жалғасын тауып, аудан тұрғындарына сапалы әрі тиімді көмек көрсету мақсатында «Созақ аудандық орталық ауруханасы» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған жоба аясында аурухана ғимараты түбегейлі жаңғыртылып, заманауи құрылыс талаптары мен медициналық стандарттарға сәйкес қайта бейімделеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға сапалы әрі қолайлы медициналық қызмет көрсетуге кең мүмкіндік береді. Құрылыс нысанының сапалы әрі уақытында аяқталуын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры өз бақылауында ұстап, қаржыландыру мәселелерін тиімді шешуде. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының бас мердігері ретінде «KazBuildCo» ЖШС жауапкершілікті өз мойнына алып, жұмыстарды белгіленген кестеге сай жүргізуде.

Жобаның басталғанына көп уақыт өтпесе де, нысандағы қарқын жоғары. 2026 жылдың 11 сәуірінде ресми түрде басталған күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде өз деңгейінде жалғасын табуда. Қазіргі таңда нысанда жоспарға сәйкес демонтаж жұмыстары қарқын алып, ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын күшейту, сыртқы қасбетке арматура қаңқаларын орнату сияқты күрделі инженерлік шаралар атқарылуда. Сонымен қатар құрылыс алаңын тазарту, құрылыс қалдықтарын шығару және алдағы кезеңде атқарылатын әрлеу, коммуникация жүйелерін тарту жұмыстарына дайындық процесі қатар жүргізілуде.

Медициналық инфрақұрылымды осылайша кезең-кезеңімен жаңарту – тек құрылыс жұмысы ғана емес, бұл халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, «Созақ аудандық орталық ауруханасы» жаңа кейіпке еніп, заманауи медициналық жабдықтармен толықтырылады. Нәтижесінде аудан тұрғындары өздеріне қажетті медициналық көмекті заманауи талаптарға сай, қолайлы жағдайда алатын болады. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар еліміздің әлеуметтік саясатының түпкі мақсаты – халыққа қызмет ету және азаматтардың денсаулығын қорғауға басымдық беру қағидатын толықтай айғақтайды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар