СОЗАҚТА АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА БИЛЬЯРДТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Әрбір қоғамның өркендеуі мен дамуы саналы тұлғалардың белсенділігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекетімізде кеңінен насихталлып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасы тек жастардың ғана емес, барлық буын өкілдерінің қоғам өміріне жауапкершілікпен қатысып, салауатты өмір салтын ұстануын мақсат етеді. Осы игі бастаманың нақты бір көрінісі ретінде Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік орталығының ұйымдастыруымен облыстық зейнеткерлер арасында бильярдтан тартысты жарыс өткізілді.

Аталмыш турнир үлкен кісілердің арасында салауатты өмір салтын белсенді дамытуға, «Белсенді ұзақ өмір сүру» тұжырымдамасын іс жүзінде көрсетуге және қариялардың бос уақытын тиімді, көңілді әрі қызықты өткізуге бағытталғанымен ерекше маңызға ие болды.

Жарыс 63-70 жас аралығы және 71 жастан жоғары топтар арасында ұйымдастырылып, ардақты қариялардың арасындағы бәсекелестікті одан сайын қызықты ете түсті. Әрбір соққы мен қимылды мұқият есептеген зейнеткерлер нағыз кәсіби шеберліктерін ортаға салды. Дәлдік пен төзімділік сыналған тартысты бәсекеде озық шығып, жүлделі орын алғандар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, 63-70 жас аралығы бойынша бірінші орынды Сауран ауданынан келген Мұрат Атаев иеленсе, екінші орын Кентау қаласының өкілі Фархат Рахимовқа бұйырды, ал үшінші орынды Созақ ауданының қатысушысы Қондыбай Аханов қанжығасына байлады. Сонымен қатар 71 жастан жоғары топ бойынша Созақ ауданынан Абай Тұрмаханов топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды, екінші орынға созақтық Шубай Нажимов табан тіреді, ал бұл топтың үшінші орын жүлдесін Кентау қаласынан келген Өмірзақ Ақмолаев пен Бәйдібек ауданының өкілі Жайдарбек Спабеков өзара тең бөлісті.

Тартысты ойын аяқталған соң, барлық қатысушылар үшін арнайы кең дастарқан жайылып, үлкендерге деген ерекше сый-құрмет көрсетілді. Зейнеткерлер жайылған астан дәм татып, мәре-сәре күйде бір-біріне деген ыстық ықыластарын білдіріп, ақ баталарын жаудырды. Отанымыздың әрбір ісіне жанашырлық танытып, қоғамдық белсенділік пен бірліктің үлгісін көрсетіп жүрген бұл қариялардың өнегелі жолы «Адал азамат» тұжырымдамасының басты қағидаттарымен толық үндеседі. Жасы ұлғайса да, жаны жас, спорттан қол үзбеген ардагерлеріміздің бұл өмірлік ұстанымы өскелең ұрпақ үшін нағыз тәрбие мектебі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар