ОРДАБАСЫ АУДАНЫ: ШҰБАРСУ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ГАЗ БЕН АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбарсу ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, елді мекендегі маңызды инженерлік инфрақұрылым нысандарындағы құрылыс жұмыстарының жай-күйін жан-жақты зерделеді. Сапар барысында аудан басшысы жауапты сала жетекшілерін, округ әкімін, мердігер ұйым мен техникалық қадағалау өкілдерін жинап, табиғи газ бен ауыз су жүйелерін тарту жобаларының жүзеге асырылу барысын тікелей көзбен көрді.

Алдымен Шұбарсуды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бағытталған ішкі газ желісі құрылысының бірінші, үшінші және төртінші кезеңдерінің жұмыстары таныстырылып, газ құбырларын жүргізу бағыттары мен қамтылатын аумақтар қаралды. Осы орайда Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және өңірлерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына және бекітілген мерзімдердің қатаң сақталуына баса мән берді, жауапты тұлғаларға бұл бағытта нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, мердігер ұйымға құрылыс қарқынын еселеп арттыру, жобалық талаптарды бұлжытпай орындау және туындаған мәселелерді жедел шешу талап етілді.

Жоспарға сәйкес, аталмыш ауқымды жоба аясында сексен тоғыз көше мен он тоғыз орам қамтылып, үш мыңнан астам абонент табиғи газға қол жеткізбек, ал тартылатын газ құбырының жалпы ұзындығы жүз жиырма алты шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, қазіргі таңда жобаға енмей қалған төрт көшені де кезең-кезеңімен газбен қамту мәселесі алдағы уақытта қарастырылатын болады.

Газ инфрақұрылымынан кейін аудан әкімі Шұбарсу елді мекенін таза ауыз сумен қамту жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысып, сала мамандарының есебін тыңдады. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – әрқашан басты назардағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта ауыз су жүйелерін дамыту жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау аса маңызды екенін жеткізген аудан басшысы жауаптыларға құрылыс қарқынын жеделдетіп, атқарылатын жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар