Төлеби ауданының прокуратурасы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы бірлесіп, өңірдегі инвесторлар мен кәсіпкерлердің өндірістік үдерісіне кедергі келтіретін өзекті мәселелерді талқылау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырды.
Жиынға аудан прокурорлары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, жергілікті инвесторлар және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің жауапты мамандары қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан өндірістік процестердің үздіксіз жұмыс істеуіне айтарлықтай тұсау болып отырған негізгі мәселе көтерілді. Атап айтқанда, аудандағы электр жарығының кернеуі төмендігі және жарықтың жиі өшіп қалуы жиынның басты тақырыбына айналды. Сала мамандары мен инвесторлар бұл жағдайдың өндіріс көлеміне және шығарылатын өнім сапасына кері әсерін тигізіп отырғанын жеткізді.
Бұл мәселеге қатысты жауапты мекеме – «Оңтүстік Жарық Transit» ЖШС өкілдері ресми түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта Төлеби ауданы аумағында орналасқан электр желілерінде жаңғырту (модернизациялау) жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жақын арада электр қуатына қатысты туындаған қиындықтар толықтай шешімін табады», — деп сендірді мекеме өкілдері.
Аудан экономикасының драйвері саналатын кәсіпкерлік пен инвестициялық жобалардың тұрақты жұмыс істеуі — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жиынды қорытындылай келе, Төлеби ауданының прокуратурасы кәсіпкерлер құқығының қорғалуы және электр желілерін жаңғырту бойынша берілген уәделердің мерзімінде орындалуы аудан прокуратурасының тікелей бақылауында болатынын мәлімдеді.
Аудандық прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бизнес өкілдерінің заңды құқықтарын қорғау және олардың кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасау бағытындағы бірлескен жұмыстарды жалғастыра бермек.
