ШЫМКЕНТТЕГІ ЗАҢСЫЗ ОНЛАЙН-КАЗИНО: ЕКІ АДАМ ТӨРТ ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу барысында олардың қылмыстық жолмен тапқан табысына 200 млн теңгеден астам мүлік сатып алғаны анықталды.

Шымкентте Bingo-37 және Lotoboom онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұлғаларға қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Шымкент қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасаған Zakon.kz хабарлады.

Тергеу мәліметінше, ықтимал ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмар ойындарға қатысуға шақыратын хабарламалар жіберілген. Қызығушылық танытқан азаматтарға арнайы аккаунт ашылып, логин мен құпиясөз берілген. Сондай-ақ ақша аударуға арналған банк шоттарының деректемелері ұсынылған.

Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына рәсімделген банк шоттары пайдаланылған.

Екі онлайн-казиноның жалпы қаржылық айналымы 3,1 млрд теңгені құраған.

ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдастырушылар заңсыз жолмен тапқан қаражатқа жалпы құны 200 млн теңгеден асатын мүлік сатып алған. Оның қатарында BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.

Сот үкімімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі адам төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар