Елімізде электронды сауда саласын бақылау күшейтілуде. Салық кодексіне сәйкес, интернет-алаңдардың иелері әр айдың 5-іне дейін мемлекеттік кірістер органдарына сатылған тауарлар, көрсетілген қызметтер туралы, сондай-ақ Қазақстан резиденттері болып табылатын жеке тұлғаларға төленген төлемдер туралы мәліметтерді табыс етуге міндетті.
Қазірдің өзінде 23 маркетплейс қажетті деректерді ұсынды. Олардың қатарында сатушылар, тауарлар мен қызметтер және төлемдер туралы ақпарат бар.
Мұндай мәліметтерді табыс ету онлайн-сауданың ашықтығын арттырып, көлеңкелі айналымды қысқартып, бюджетке салықтың толық түсуін қамтамасыз етеді деп болжануда.
Салық төлеушілер салық есептілігін тапсырғаннан кейін, мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізіп, маркетплейстердің деректерін декларациялармен салыстырады.
Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, салық төлеушіге бұзушылықтарды жою туралы талап қойылған хабарлама жіберіледі.
