Сарыағаш ауданының экономикалық қуатын арттырудың басты тірегі – мал шаруашылығы. Соңғы жылдары бұл салаға қарқынды инвестиция салынып, нәтижесінде мал басының саны ұлғайып, өнімділік көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың жұмыс сапары кезінде осындай инвестициялық жобалардың бірі — «KZ-21» мал бордақылау алаңының қазіргі жағдайымен танысты.
2021 жылы іске қосылған бұл кәсіпорын 2000 бас ірі қара малға арналған сыйымдылыққа ие. Қазіргі таңда алаңда қазақтың ақбас тұқымды 1000 бас мал бордақылануда. Директор Қайрат Тастанбековтің мәлімдеуінше, жоба тұрақты 10 жұмыс орнын қамтып, малдардың денсаулығы мен азықтандыру процесі барлық ветеринариялық талаптарға толық сай келеді. Өндірілген ет өнімдері негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда.
Аудан әкімдігі мал шаруашылығын одан әрі жаһандандыру үшін кешенді шаралар қабылдап жатыр. Жоспарға заманауи бордақылау кешендерін салу, мал азығын өндіруді көбейту және ветеринарлық қызметті жетілдіру кіреді. Сонымен қатар, ет пен сүт өнімдерін қайта өңдеу зауыттарын ашу арқылы қосымша құн қосатын өндірістерді дамыту көзделген. Бұл қадамдар аграрлық секторды нығайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Сарыағаш ауданында ірі қара, қой және жылқы шаруашылығы негізгі бағыттар болып табылады. Мемлекеттік субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және арнайы бағдарламалар шаруа қожалықтарына заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беруде. Нәтижесінде, мал азығын дайындау сапасы жақсарып, асыл тұқымды мал басы көбейіп, ет пен сүт өндіру көлемі тұрақты өсуде.
