Аграрлық секторды дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Ауыл шаруашылығын жаңғырту, өнімділікті арттыру және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар ауыл кәсіпкерлеріне өз ісін дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұл қолдаулардың тиімділігін дәлелдейтін жарқын мысалдардың бірі – Ордабасы ауданындағы табысты еңбек етіп отырған, аудан орталығы Темірланда орналасқан «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі.
Агроном мамандығын игерген, жаңашыл ойлы кәсіпкер Елнұр Сайдазимов мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылған субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жылыжай шаруашылығын қарқынды дамытуда. Бұл тек жеке кәсіпкердің жетістігі ғана емес, сонымен қатар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған үлес болып табылады.
«Елнұр-Айдар» кооперативі заманауи технологиялар мен табиғи тыңайтқыштарды тиімді пайдалану арқылы жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған. Кооперативтің негізгі өнімдері қатарында лимон, мандарин, құлпынай, алма сияқты жемістер мен көкөністер бар.
Өнімдердің ерекшелігі – олардың экологиялық тазалығы мен жоғары сапасы. Бұл тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Жаңашыл әдістерді қолдану арқылы Елнұр Сайдазимов тек жергілікті нарықты ғана емес, сонымен қатар сыртқы нарықтарды да сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.
Елнұр Сайдазимовтің бұл табысы – еңбекқорлық пен жаңашылдықтың, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың жарқын жемісі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық, кеңестік және инфрақұрылымдық қолдаулар ауыл кәсіпкерлеріне өз әлеуетін толық ашуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға жол ашады.
Ордабасы ауданындағы «Елнұр-Айдар» кооперативінің мысалы, мемлекеттік қолдаудың агроөндірістің дамуына қаншалықты серпін беретінін айқын көрсетеді. Мұндай жобаларды кеңінен насихаттау және қолдау арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа мүмкіндіктерді ашуға, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуды арттыруға және жалпы ел экономикасының өркендеуіне ықпал етуге болады. Ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігі мен мемлекеттің жүйелі қолдауының үйлесімділігі – агроөндірістің болашағының кепілі.
