Шымкент қаласында «Smart City» эталондық стандарттары негізінде жасанды интеллект элементтерін қолданатын бірқатар пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар білім, көлік, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік салаларын қамтиды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мегаполисте жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобаларға кеңінен тоқталды.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, Шымкентте білім беру жүйесінде бірқатар цифрлық жобалар іске қосылды. Айта кетсек, 100 мектепке «Alaqan» биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, «Айқын» жобасы аясында 147 мектепке бейнебақылау мен Face ID жүйесін орнату жоспарланса, Protector AI пилоты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Ал, көлік инфрақұрылымында ITS жүйесі арқылы 288 қиылыста «ақылды» бағдаршам іске қосылып, жол қозғалысын 24/7 режимінде бақылау қолға алынды. Сонымен бірге жол сапасын жасанды интеллектпен бағалау жобасы басталды», — деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.
Қала әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласына енгізілген цифрландыру қадамдары туралы да айтты. PULS AI интеллектуалды ассистенті дәрігерлерге диагноз қоюда көмектессе, «Cerebra AI» инсультті ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр. ЖИ негізіндегі автоматты қоңыраулар пациенттермен байланысты нығайтып, смарт-бейнежетондар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Қолайлы қалалық орта қалыптастыру үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы ЖИ технологияларын енгізіп жатыр. Сондай-ақ дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы құрылыс нысандары мен қоқыс алаңдарын бақылауға мүмкіндік береді. Ал «zhasylshym.kz» платформасы жасыл кеңістіктерді сандық есепке алуды қамтамасыз етті.
Мемлекеттік басқаруда құжат айналымын оңтайландыратын «Documentolog» жүйесі 117 ұйымға енгізілді. ЖИ-агенттер әкімдік жұмысын жеңілдетіп, хаттамалық тапсырмаларды тіркеуді және орындалуын қадағалауды автоматтандырады.
Тұрғын үй-коммуналдық салада «Art code» жылу желілерін тексеруге енгізілсе, «Jerleu» қызметі ритуалдық рәсімдерді онлайн тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынады. Экологиялық мониторинг жүйесі арқылы қаладағы ауа сапасы бақыланбақ.
Қоғамдық қауіпсіздікте жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау жүйелері адам көп жиналатын нүктелерде іске қосылып, террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғау үшін арнайы бағдарламалық кешендер орнатылды.
Жалпы алғанда, Шымкенттің цифрлық экожүйесін дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
