Елімізде 1 тамызда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Осы мәселеге байланысты ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндеа өткен брифингте арнайы мәлімдеме жасады.
Ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлау және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажетті деректердің басты көзі.
– Санақтың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі шаруашылықтардың қызметі туралы сенімді әрі өзекті ақпарат алу. Бұл деректердің негізінде тиісті мемлекеттік саясат қалыптасып, субсидиялау, техникалық жабдықтау, еңбек ресурстарын бөлу сынды шешімдер қабылданады, – деді Ерназар Сейтханұлы.
Бұл санақтың басты жаңалығы – ақпарат жинау процесінің цифрлық форматта ұйымдастырылуы. 1 тамыздан бастап sanaq.gov.kz порталы арқылы онлайн сауалнама жүргізілуде. Респонденттер ЭЦҚ, QR-код немесе SMS арқылы тіркеліп, сауалнама парағын өз бетінше толтыра алады. Жүйе респондент туралы кейбір мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде шығарып береді. Қатысушы сол ақпаратты растап, қажет болған жағдайда жаңарта алады. Сауалнаманы толтыру үдерісі үзіліспен де жүргізіледі – респондент мәліметтерін сақтап қойып, кейін қайта жалғастыра алады.. Сауалнама аяқталғаннан кейін электрондық пошта арқылы санақтан өткені туралы растау хаты жіберіледі.
– Бұл әдіс деректердің нақтылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де қолайлы болмақ. Сондай-ақ, цифрлық сауаттылығы шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Шымкент қаласы бойынша 13 жерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылады, – деді Ерназар Құлтаев.
Жиналатын деректер тек статистикалық мақсатта ғана пайдаланылады. Ұлттық статистика бюросы олардың құпиялығы мен анонимдігіне толық кепілдік береді. Бұл ақпарат салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Респонденттер сауалнама толтыру барысында мал басы, техника, жер көлемі сынды көрсеткіштер бойынша мәліметтерін жаңартып, мемлекеттік деректер базасын өзектендіруге келісім бере алады. Оған қоса, порталда Sanaq-Myrza атты жасанды интеллект негізіндегі виртуалды көмекші жұмыс істейді. Ол сауалнаманы толтыру кезінде туындаған сұрақтарға жауап береді. Сонымен бірге 1446 нөміріне хабарласу арқылы да тиісті ақпарат алуға болады. Онлайн сауалнама кезеңінде бұл байланыс орталығы тәулік бойы, аптаның жеті күнінде жұмыс істейді.
Айта кетейік, осынау ауқымды статистикалық шара 20 қазанға дейін жалғасады.
