Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы еліміздің әрбір ауылының, әрбір ауданының әлеуетін ашып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бұл бағдарлама аясында Бәйдібек ауданында да бірқатар ілкімді істер атқарылып, елді мекендердің дамуына серпін берілуде. Солардың бірі – тарихы терең, мәдениеті бай Алғабас ауылдық округі.
Алғабас ауылдық округі – ғасырлар бойы мал және егін шаруашылығымен айналысып, өзінің бірегей мәдениетін сақтап келген өңір. Бүгінде округ белсенді түрде дамып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Округ құрамына Шақпақ, Қазата, Үсіктас және Таңатар елді мекендері кіреді. 758 отбасынан тұратын округ тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, әлеуметтік жағдайлары жыл сайын жақсарып келеді.
Округтегі жаңалықтардың айқын мысалы – Шақпақ ауылындағы жаңа спорт мектебінің ашылуы. Мұнда балалар ұлттық спорт түрлерін дамытып, әсіресе асық ату ойынында жоғары жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарды иеленуде. Заманауи спорт ғимараты балалар үшін барлық жағдаймен қамтамасыз етілген: волейбол, теннис залдары, жаттығу бөлмелері бар, сонымен қатар медициналық кабинетте балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген.
Қазата ауылында да биыл жергілікті бюджеттен 25 миллион теңгеге ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңшасы салынды. Ауыл тұрғындары бұл жаңалыққа қуанып отыр. Жоба аудан әкімшілігі мен ауыл әкімдігінің үйлестіруімен жүзеге асқан және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор септігін тигізуде.
Сонымен қатар, округте алдағы уақытта жел энергиясына негізделген станция салу жоспарлануда. Елді әбігерге салатын Шақпақтың желі де енді кәдеге аспақ.
Алғабас ауылдық округінде ауыл шаруашылығы мен егін шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу арқылы ауыл көркейіп, әлеуметтік өмірі жақсаруда. Бұл жетістіктердің барлығы аудан басшыларының қолдауымен, әсіресе іскер және жүйелі жұмыс жасай білетін ауыл әкімі Бағдат Нақыпбаевтың еңбегінің нәтижесі.
Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да ауылдың дамуына бағытталған көптеген жобалар қолға алынады. Олардың қатарында мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, ауыл жолдарын жөндеу, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шаралар бар. Бұл бастамалардың барлығы да ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Алғабас ауылдық округінің даму қарқыны осылай жалғаса берсе, алдағы жылдары бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері одан әрі жақсаратыны сөзсіз. Ауыл әкімінің белсенділігі мен аудан басшылығының қолдауы арқасында Алғабас ауылдық округі жаңа белестерді бағындырып, өркендей бермек. Бұл – Мемлекет басшысының Өңірлерді дамыту бағдарламасының нақты бір мысалы, онда әрбір елді мекеннің әлеуетін ашуға және тұрғындардың өмірін жақсартуға баса назар аударылады.
