Ордабасы ауданында «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған реформаларды жүзеге асыру аясында ауыл мектептерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы орайда аудан әкімі Азат Оралбаев Қ.Бектаев атындағы мектепке арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тікелей тексерді.
Биыл аудан бойынша 6 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қ.Бектаев, Б.Оңтаев, Ө.Тұрманжанов, «Қызылжар», «Жусансай» және Ә. Молдағұлова атындағы жалпы орта мектептерінің ғимараттары жаңартылу үстінде. Бұл ретте аталған білім ошақтарының шатырлары ауыстырылып, жылу жүйелері жетілдірілуде, жаңа трансформаторлар орнатылуда, сондай-ақ ішкі санитарлық тораптары жаңартылып, ғимараттардың сыртқы қаптамалары мен еден жабындылары ретке келтіріліп жатыр.
Бүгінгі таңда бірқатар мектептерде сыртқы қаптау жұмыстары толық аяқталса, кейбір нысандарда ішкі санитарлық тораптардың кафельдері жаңартылып, заманауи сантехникалық жабдықтар орнатылуда.
Мердігерлердің жұмыс қарқынын сынға алған аудан басшысы жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын ескертіп, жауапты тұлғаларға нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы тапсыруды қатаң жүктеді.

