Қазақстанның бүгінгі экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқаты тікелей еңбек адамдарының, әсіресе жұмысшы мамандықтары өкілдерінің ерен еңбегімен тығыз байланысты. Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселенің маңыздылығын үнемі атап өтіп, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы орнын ерекше баса айтуда. Осы орайда Кентау қаласының энергетикалық инфрақұрылымында маңызды рөл атқаратын «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының еңбек ұжымының ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн.
1934 жылы құрылған «Кентау Сервис» МКК – бүгінгі күнге дейін қала тұрғындары мен ұйымдарын жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп келе жатқан стратегиялық маңызы бар мекеме. Қазіргі таңда кәсіпорында 352 адам еңбек етеді. Олардың қатарында тәжірибелі мамандар өте көп. Солардың бірі – қазандық және турбина цехының бастығы Азамат БАШЕКОВ.

Азамат Башековтің еңбек жолы мен күнделікті жауапкершілігі – қаланың әрбір үйіне, әрбір әлеуметтік нысанға жылудың тоқтаусыз жетуіне тікелей ықпал ететін аса маңызды қызмет. Ол өзінің басқаратын цехының жұмысын былайша сипаттайды: «Жылу маусымы басталды. Жылу маусымына жақсы дайындықпен кірдік. Қазіргі таңда 3 қазандық пен 2 турбина тұрақты жұмыс істеп тұр. Сағатына 8–9 МВт электр қуатын өндіріп жатырмыз. Жедел персонал ауысыммен жұмыс жасап, әр ауысымда 13–14 адам кезекшілік етеді».
Энергия өндірісі – үздіксіз еңбек пен жоғары жауапкершілік талап ететін сала. Қазандық пен турбинаның әр минуттық жұмысы – жүздеген техникалық параметрдің тұрақты бақылауда болуын қажет етеді. Осындай ауыр әрі маңызды міндетті атқарып жүрген мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі мен сергектігі – тұтас қаланың тынысын ұстап тұрған тірек.
Азамат Башеков басқаратын цехта еңбек ететін жұмысшылар тәуліктің кез келген уақытында өндірістің тұрақты жүруін қадағалайды. Олардың әрқайсысы – өз ісінің шебері, техникалық қауіпсіздік пен технологиялық тәртіпті қатаң сақтайтын білікті кадрлар. Олардың ерен еңбегі, адал қызметі арқасында Кентау қаласының тұрғындары жылы үйлерде, жылы мектептер мен балабақшаларда, емханаларда өмір сүріп, жұмыс істей алады.
Бұл – еңбек адамының қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екендігінің айқын дәлелі. Жұмысшы мамандықтардың өкілдері – еліміздің экономикалық дамуының, халықтың әл-ауқатының негізгі тірегі. Олардың ерен еңбегін бағалау, олардың еңбегін құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. «Кентау Сервис» МКК мамандарының еңбегі – осының жарқын мысалы.
