Кентау қаласындағы индустрияны дамыту және өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысының өңірлердегі өндірістік әлеуетті көтеру, шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынған «Қарнақ» өндірістік паркі келешекте қала экономикасының басты драйверлерінің біріне айналмақ. Жалпы аумағы 9,3 гектарды құрайтын бұл алаңда бүгінгі таңда бес инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов нысанның инфрақұрылымын дамыту барысын тұрақты бақылауында ұстап, жұмыстардың сапалы әрі жүйелі жүргізілуін қадағалап отыр. Қазіргі таңда парктегі екі жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ал бір жобаның құрылысы аяқталу сатысында. Жалпы құны 235 миллион теңгені құрайтын жобалар толық қуатына көшкенде, өңірде 33 жаңа жұмыс орны ашылады. 2025-2026 жылдарға жоспарланған бұл ауқымды бастама алдағы уақытта аймақтағы өндіріс көлемін арттыруға негіз болмақ.
Өндірістік парктің болашақта толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта газбен жабдықтау мәселесін шешу шаралары пысықталуда, нысан келешекте 50 текше метр/сағат көлеміндегі газбен қамтылады. Сонымен қатар, сумен жабдықтау мәселесін шешу мақсатында бір шақырым қашықтықтағы су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр, бұл кәсіпорындарды тәулігіне 50 текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Электр энергиясымен қамту – өндіріс орындарының басты қажеттілігі болғандықтан, бұл бағыттағы дайындық жұмыстары да назардан тыс қалмады. Нысанға 50 кВт рұқсат алынғанымен, болашақта 0,6 МВТ/сағ қуат қажеттілігін өтеу үшін «Атабай» қосалқы станциясынан екі шақырым қашықтықтағы желілер арқылы қосу жоспарланған. Сондай-ақ, көлік қатынасын жақсарту мақсатында 1,2 шақырым жолға қиыршық тас төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Инфрақұрылымдық мәселелердің ретімен шешілуі «Қарнақ» өндірістік паркінің болашақта табысты жұмыс істеп кетуіне және өңірдегі кәсіпкерлік ортаның жандануына зор ықпал етеді.
