Түркістан облысында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беріп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң ықпал етуде. Осы бағдарлама аясында қолдау тапқан бірқатар жобалар нақты нәтижелермен ерекшеленеді. Солардың бірі – Қазығұрт ауданы, Рабат ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Насихат Шораеваның бастамасы.
Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық жеңілдікпен 8 миллион теңге несие алып, 16 бас сауынды сиыр сатып алды. Бұл инвестицияның нәтижесінде, бүгінгі таңда кәсіпкердің 7 сауынды сиыры тұрақты түрде өнім беріп, алынған сүт жергілікті сауда нүктелеріне жеткізілуде.
Кәсіпкердің күнделікті қызметі оның тиімді екенін көрсетеді. Шамамен 20 литр сүт өндіріп, одан 3 келі құрт пен 3 келі май дайындау арқылы Насихат Шораева өзінің өнімдеріне жоғары сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл өнімдер, сөз жоқ, ауыл тұрғындары мен айналасындағы елді мекендердің сұранысын қанағаттандырып, кәсіпкердің табыс көзінің өсуіне ықпал етеді.
«Ауыл халқы үшін 2,5 пайызбен несие беру – бұл біз үшін үлкен қолдау. Қазіргі таңда өндіріп жатқан өніміміз ауыл ішінде толықтай сатылып, күн сайын тұтынушыларымыз кезекке тұрып алады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылда нақты табыс көзін қалыптастырумен ғана шектелмей, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, еңбекке деген ынтасын күшейтуге және ауыл экономикасын дамытуға зор үлес қосуда. Алдағы жоспарым – шаруашылықты кеңейтіп, үлкен қора салып, тиімді сиыр фермасын ашу», – дейді кәсіпкер өз жоспарларымен бөлісіп.
Айта кету қажет, бұл бағдарламаның аудан мен облыс аумағындағы маңыздылығы орасан зор. 2026 жылға дейін Қазығұрт ауданы бойынша 131 жобаны қаржыландыруға 1 миллиард 204 миллион теңге қарастырылған. Ал Түркістан облысы бойынша 2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына 30 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлініп, оның нәтижесінде 3 790 жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалардың арқасында 4 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай үлес қосылуда.
