«SMART SHYMKENT» ЖОЛ КАРТАСЫНА 20 ЦИФРЛЫҚ ЖОБА ЕНГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономиканың барлық саласына жаппай жасанды интеллект енгізу және инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бағытта Шымкентте жаңа жоба қолға алынбақ. «Smart Shymkent» жобасы аясында пилоттық шешімдерді енгізу, көлік-логистика, білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларын дамытуға басымдық берілмек.

Президент Жолдауында экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамудың жеті басым бағыты айқындалды. Жасанды интеллектіні дамыту, инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру — ендігі басты міндет.

Жыл басынан бері Шымкентке 360 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл былтырдан 31%-ға көп. Жыл соңына дейін Шымкент экономикасына 850 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда.

Шымкент бүгінгі таңда «Ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша дамуда. «Smart Shymkent» жол картасына 20 цифрлық жоба енгізілген, оның ішінде  жолдарды, қоқыстарды және заңсыз құрылыстарды бақылауға арналған дрондар жүйесі бар.

Айта кетейік, медициналық мекемелердің жұмысында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану есебінен медициналық қызметтердің сапасын арттыру, ана мен бала өлімін азайту, сондай-ақ орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру көзделіп отыр.

Экономикалық өсуге де  басымдық беріледі. Мамандардың болжамынша, өнеркәсіп көлемі триллион теңгеге жетеді. Шағын және орта бизнестің үлесі 46%-дан асады. Ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылады.

Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша,  «Бозарық» индустриялық  аймағында ірі компаниялар орналасқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысатын  кәсіпорындарда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті кеңінен қолданылуда.

Ал, көлік саласында да цифрлық жобалар жүзеге асырылуда.  Негізгі жолдарды қайта жаңарту және жаңа ұшу-қону жолағы салынбақ. Қазірдің өзінде қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың түсіндіруінше, ұшу-қону жолағы үшінші санатқа ие болады, яғни кез-келген ауа-райында — тұманға, нөлдік көріну кезінде ұшақтар мен борттар терминалға қона алады. Шымкенттің тағы бір артықшылығы — жақын жерде мұнай өңдеу зауыты, яғни қолжетімді авиаотын нарығы бар. Бұл Франция, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Катардан келген компаниялардың әуе лайнерлерінің мегаполиске ұшып келуіне мүмкіндік береді. Осы екі артықшылық бұл салада бәсекелестікті арттырып, қала экономикасының дамуына серпін бермек.

Айта кетейік, Президент реформаларының мақсаты — тұрақты жұмыс орындарын ашу, халық табысын көтеріп, тұрмыс сапасын жақсарту.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар