ШЫМКЕНТТЕ ҚАР ТАЗАЛАУ ЖӘНЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

2026 жылдың 10 наурызында Шымкент қаласы аумағында тоқтаусыз жауған қарға байланысты магистралдық көшелерде санитарлық тазалау және қардан тазарту жұмыстары ұйымдастырылды.

Қала аумағындағы тазалық жұмыстарын жүргізуге жауапты 5 мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұйымы тарапынан 243 арнайы техника және 2000-ға жуық қызметкер жұмылдырылды. Қарды тазалау және көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдарға инертті материалдар, яғни құм-тұз қоспасын себу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Тазалық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ең алдымен бірінші бағыттағы негізгі магистралдық көшелер мен даңғылдарда қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Д.Қонаев, Бәйдібек би, Ұ.Арғынбеков, Тәуке хан, Республика, Б.Момышұлы, Т.Рысқұлов және басқа да орталық көшелерде арнайы техникалар колоннамен жұмыс атқаруда.

Бірінші кезектегі көшелер толық тазаланғаннан кейін екінші бағыттағы көшелерде санитарлық тазалау және қар шығару жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қосымша келісім-шартқа сәйкес көктайғақтың алдын алу үшін пайдаланылатын инертті материалдар мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұйымдары тарапынан сатып алынып, қажетті қор алдын ала жасақталған.

Қала аумағында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары арнайы кезекші бригадалар мен техникалардың қатысуымен екі ауысымда – күндізгі және түнгі мезгілде ұйымдастырылып, үздіксіз жүргізілуде. Қазіргі уақытта қала көшелерінде қар тазалау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары тұрақты бақылауда.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар