ДАУЫС САНАУ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ МАҢЫЗДЫ ТАЛАПТАРДЫ ТҮСІНДІРДІ

Демократиялық қоғамдағы әрбір саяси науқанның ең жауапты әрі шешуші сәті – сайлау учаскесіндегі дауыс беру аяқталғаннан кейінгі кезең. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өздерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тұрғындарға дауыстарды санау және сайлау жәшіктерін ашу тәртібі қалай жүзеге асатынын жан-жақты түсіндірді.

Дауыс беру аяқталған бойда учаскелік сайлау комиссиясы дереу дауыстарды санау жұмыстарына кірісіп, алынған нәтижелерді жариялайды және дауыс беру қорытындысы туралы ресми хаттамаға енгізеді.

Бұл үдерістің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында заңнамада қатаң талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, санау барысын бақылау үшін сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларға толық мүмкіндік беріліп, дауыстарды санау үстелдері барлық қатысушылардың іс-әрекетті анық көре алатындай етіп ыңғайлы орналастырылады.

Сайлау жәшіктері де белгіленген тәртіппен кезекпен ашылады. Бұл ретте, бірінші болып тасымалданатын сайлау жәшіктері ашылып, олардағы бюллетеньдер саны түскен тиісті жазбаша өтініштер санымен қатаң түрде салыстырылады. Тек осы рәсімнен кейін ғана тұрақты сайлау жәшіктері ашылады.

Комиссия мамандары қатаң сақталуы тиіс маңызды ережеге ерекше назар аударады. Егер тасымалданатын сайлау жәшігінен шыққан бюллетеньдер саны тиісті жазбаша өтініштер санынан артық болып шықса, заң талаптарына сәйкес сол жәшіктегі барлық сайлау бюллетеньдері жарамсыз деп танылады. Мұндай талаптар сайлау процесінің әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығы – кез келген қоғамдағы әділ сайлаудың басты қағидаты саналады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар