ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЕНГІЗІЛЕДІ

Қазақстанда құрылыс және жобалау ұйымдарының қызметін бақылаудың жаңа цифрлық тетігі әзірленді. Енді компаниялардың лицензиясы ғана емес, нақты жұмыс мүмкіндігі, білікті мамандары мен қажетті техникалық базасының болуы да ескеріледі.

Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде айтылды.

Жиында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов құрылыс саласындағы лицензиаттарды цифрлық бақылауға арналған Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімін таныстырды.

Жаңа жүйе құрылыс және жобалау ұйымдарының заңнамада белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекеттік цифрлық жүйелердегі мамандардың біліктілігі мен өндірістік базаның бар-жоғын растайтын деректер пайдаланылады.

Қазір Қазақстанда құрылыс саласында 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда лицензияның болуы компанияның құрылыс жұмыстарын сапалы орындауға қажетті мамандары, техникасы мен тәжірибесі бар екенін әрдайым білдірмейді.

Жаңа тізілім осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Енді тапсырыс берушілер мердігерді таңдағанда лицензиямен қатар, ұйымның нақты әлеуеті мен жұмыс тәжірибесін де бағалай алады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, цифрлық бақылау адал жұмыс істейтін компаниялар үшін бәсекелестіктің ашық әрі әділ жағдайын қалыптастыруға, сапасыз құрылыс тәуекелдерін азайтуға және нысандарды уақытылы пайдалануға беруге ықпал етуі тиіс.

Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімін тестілік режимде іске қосу 2026 жылдың қараша айына жоспарланған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар