ЦИФРЛЫҚ ӘДІЛЕТ: ҚЫЗМЕТТЕР ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

Әділет органдары саласында  негізгі функцияларды цифрландыру және автоматтандыру үшін тұрақты негізде шаралар қабылданып жатыр.  Бұған дейін 10 жылдан аса уақыттан бері Қазақстандағы әділет органдарында заңды тұлғаларды онлайн-тіркеу Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылып келсе, өткен жылдан бастап коммерциялық емес ұйымдарды да онлайн-тіркеуге қол жеткізілді.  Коммерциялық ұйымдарды онлайн форматта тіркеудің үлес салмағы осы саладағы мемлекеттік қызметтердің жалпы статистикасында 80% -дан асады. Бұл туралы Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Раушан Досанова мәлімдеді. 

Маманның мәлімдеуінше, 2015 жылдан бастап жылжымайтын мүлік желісі бойынша барлық нотариаттық мәмілелерді мемлекеттік тіркеу электрондық форматқа ауыстырылған, сатып алушыға құжаттарды тапсыру үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік қызметтер электрондық нысанда «Электрондық үкімет» веб-порталы, сондай-ақ, өзге де ақпараттандыру объектілері («eGov mobile» мобильдік қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары және т. б.) арқылы ұсынылады.

– Аталған қызметтер тұтынушылар арасында танымал, халық және бизнес субъектілері электрондық қызметтерді алуда белсенді.  Мұндай белсенділік, тұтынушылар санының тұрақты өсуі электрондық қызмет алудың елеулі артықшылықтарына  байланысты.  Онлайн қызметті ешбір кеңсеге бармай, пәтерден шықпай-ақ, тәуліктің кез келген ыңғайлы уақытында алуға болады; қызметті жылдам алады, кезекте тұрмайды; электрондық өтінішті толтыру кезінде қате кетсе, жедел түзету жасай алады, – деді маман.
Әділет саласында мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда. 2023 жылдан бастап сенімхат беру, ерлі-зайыптылардың келісімін беру және консультациялар сияқты нотариаттық қызметтер онлайн форматқа ауыстырылды. Қазақстан Республикасының азаматтары бұл қызметтерді eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы нотариусқа бармай-ақ, онлайн-форматта ала алады.

– Қазіргі уақытта Әділет министрлігі тарапынан жасанды интеллектіні енгізу шеңберінде азаматтарға заң мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында чат-бот әзірленген, бұл азаматтарға заңгерлерге жүгінбей сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді. Мұндай қызметті енді  мобильді қосымшадан да  алуға болады. Жалпы, заңнаманы жетілдіру және әділет органдары көрсететін қызметтерді автоматтандыру жөніндегі жұмыс басым міндеттердің бірі болып табылады және тұрақты бақылауда ұсталады, – деп атап өтті Раушан Серікбайқызы.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар