САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА КИНОТЕАТР АШЫЛДЫ

Сарыағаш қаласында заманауи талаптарға сай салынған «Kinoland Saryagash» кинотеатры салтанатты түрде ашылды. Бұл оқиға ауданның мәдени инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Салтанатты рәсімге Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы кинотеатр лентасын қиып, кәсіпкерге алдағы қызметіне табыс пен сәттілік тіледі.

«Kinoland Saryagash» кинотеатры заманауи технологиялық талаптарға сай жабдықталған. Нысанда үш көрермен залы бар, олардың әрқайсысы 110 орынға есептелген. Жалпы сыйымдылығы 340 адамға дейін жететін кинотеатр қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы әрі кең мүмкіндік ұсынады.

Кинотеатрдың техникалық жабдықталуы көрерменге сапалы дыбыс пен айқын бейне арқылы фильмдерді жоғары деңгейде тамашалауға жағдай жасайды.

«Kinoland Saryagash» сияқты жобалар тек мәдени қызмет көрсетумен шектелмей, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Себебі мұндай бастамалар бизнес пен жергілікті биліктің өзара тиімді серіктестігінің нәтижесі ретінде жүзеге асады.

Жаңа нысан жергілікті тұрғындардың демалыс мәдениетін кеңейтіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар