Шымкентте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық технологиялар енгізілуде. Қала тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау жүйесіне интелектуалды технологияларды енгізу нәтижесінде ақау шыққан жерлер жедел анықталып, апаттың алдын алу мүмкіндігі артқан. Цифрлық жүйе желідегі қысымды, су ағынын және құбырлардың күйін бақылауға мүмкіндік береді.
Шымкент – орналасу жағынан ойлы-қырлы қала, бұл сумен жабдықтау жүйесінде қиындықтар туғызады. Нәтижесінде мегаполисте жыл сайын мыңдаған апат тіркелді.
Су ресурстары кәсіпорнының орталық диспетчерлік қызмет бөлімінің басшысы Арман Болатбековтің айтуынша, сумен жабдықтау саласына енгізілген цифрлық шешімдердің арқасында қазір су шығындары азайған. Апат болған жағдайда дер кезінде анықтауға қол жеткізілген, бұрынғыдай қалада су жетпей қалу деген мәселе жойылған.
Аталған кәсіпорынның гидравликалық модельдеу бөлімінің бас маманы Михо Вайсалидзенің түсіндіруінше, геоақпараттық жүйе жасалған кезде барлық желілер цифрландырылып, гидравликалық модель салынған. Бұл саладағы әлсіз тұстарды анықтап берді: қай жерде қысым жоғары, қай жерде қысым жетпейді, осы арқылы қай жерге қосымша сорғы жабдығын немесе құлыптау және реттеу арматурасын орнату қажеттігін көрсетіп тұрады.
Бүгінгі таңда апат деңгейі 7%-ды ұстап тұр. Бұл негізінен құбырлардың тозуына байланысты, сондықтан оларды қайта құру қажет.
Сала мамандарының айтуынша, заманауи су реттегіш құралдары мен есептеуіш қондырғылар қашықтан басқарылады. Орталық диспетчерлік бөлімде қаланы сумен қамтамасыз ету тәулік бойы бақыланады. Мамандар магистральды және ішкі орамдық құбырларға үздіксіз мониторинг жүргізіп, олардың қысымы мен ағынын қашықтан реттеп отырады. Салаға енгізілген цифрлық жүйе су айналымын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік берді.
— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымы саласында цифрлық жобалар мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану жайына тағы да тоқталып, нақты міндеттер қойды. Шымкентте қашықтан деректер беру технологиясымен жабдықталған «ақылды» есептегіштер өткен жылдан бастап орнатылуда, — деп атап өтті су ресурстары кәсіпорны бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.
Саланы дамытуға арналған инвестициялық бағдарлама аясында желілерге интеллектуалды жүйе енгізілді. 300-ге жуық қысым реттегіш құрал орнатылып, ауа тұтқыштар мен өлшеуіш аспаптары да ақылды бағдарламалық технологиямен жабдықталды. Ақау аймағын жылдам әрі дәл анықтау арқылы су шығыны 72%-ға азайды.
