Сарыағаш ауданында спорттық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында Сарыағаш аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты орталық стадион мен №3 көпқабатты жатақханадағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
Қазіргі таңда орталық стадионында «ВИБО-Строй» ЖШС тарапынан күрделі жөндеу жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жөндеу жұмыстарының барысын егжей-тегжейлі тексеріп, мердігерге бірқатар маңызды ескертулер жасады. Ең алдымен, құрылыс жұмыстарында сапалы материалдарды пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді. Спорт нысанының ұзақ мерзімді пайдалануы мен қауіпсіздігі үшін бұл талаптың орындалуы міндетті. Сондай-ақ, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аударылды.
Бүгінгі таңда стадионда әкімшілік ғимаратының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Сонымен қатар, көрермендер отыратын аумақтың шатыры жабылып, жаңбыр мен күннен қорғау қамтамасыз етілді.
Аудан әкімінің сапары Шәмші гүлзары көшесінде орналасқан №3 көпқабатты жатақханада жалғасты. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жатақханада ғимарат аумағы әктеліп-сырланып, сыртқы келбеті жақсартылуда. Сонымен қатар, ортақ пайдалану орындарын, яғни дәліздерді, асханаларды, жуынатын бөлмелерді ретке келтіру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Сарыағаш ауданында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе спорттық инфрақұрылымды нығайтуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Аудан әкімінің тұрақты бақылауы мен ескертулері жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етпек.
