ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген сөздері әрбір қазақстандықтың жүрегіне терең ой салады. Бұл ұстаным, әсіресе, өңірлердегі балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты істермен айқын көрініс табуда.

Түркістан қаласы, міне, осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірін жасады. 2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарының негізгі мақсаттарының бірі – денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, спортпен шұғылдануға жағдай жасау және мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту. Бұл мақсатты жүзеге асыру жолындағы айшықты жетістік ретінде Түркістан қаласында балаларға арналған заманауи оңалту орталығы ашылды. Бұл жаңа нысан, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Бұл маңызды нысан – «YDA HOLDING» компаниясының Түркістан облысына тартуы. Жобаның құны – 2,7 млрд. теңге. Ғимараттың жалпы аумағы – 1,56 гектар, ал жалпы ауданы – 2 227,41 шаршы метр. Оңалту орталығы 40 тәуліктік және 20 амбулаторлы емханалық көмек көрсетеді. Бұл көрсеткіштер, орталықтың ауқымды міндеттерді атқара алатындығын айғақтайды.

Жаңа орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және толық кешенді оңалту көмегін ұсынады. Атап айтқанда, мұнда ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейінгі кезеңдегі емдеу, неврологиялық ауытқулар, кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезеңдегі қалпына келтіру, сондай-ақ орфандық ауруларды емдеуге арналған арнайы бағдарламалар қолға алынады. Бұл – тек Түркістан қаласына ғана емес, бүкіл облыс балаларына арналған орталық, яғни өңірдегі балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызды нысан.

Айта кетейік, Түркістан облысында 0-14 жас аралығында 774 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Өңірде соңғы 5 жылда 300-ден астам жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіштер өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Бүгінде облыста балаларға арналған 4 оңалту орталығы және 3 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Биылдың өзінде 14 153 балаға оңалту көмегі көрсетілді.

Жаңа ашылған оңалту орталығы бұл көрсеткіштерді одан әрі арттырып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Бұл нысанның ашылуы – мемлекеттің балаларға деген қамқорлығының, олардың салауатты өмір сүруі мен толыққанды дамуына деген жауапкершілігінің айқын дәлелі. Түркістан балаларының бақытты болашағына деген үміт шоғыры осы заманауи оңалту орталығынан жарқырай бастады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар