ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ДЖИНСЫ МАТА ШЫҒАРАТЫН ІРІ ӨНДІРІСТІК КЕШЕННІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта экономиканы әртараптандыру міндеті қойылып, Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жұмыстары басталды. Осы ретте бүгін Түркістан қаласында «Turan» арнайы экономикалық аймағында өңір үшін стратегиялық маңызы бар жаңа өндірістік кешеннің іргетасы қаланды.

Жобаның негізгі мақсаты – жылына 10 миллион метр джинсы мата және 30 мың тонна мақта-мата жібін өндіру. Бұл кешен өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Жаңа өндірістік кешен – өңірде өсірілетін мақтаны толық өңдеп, дайын өнім шығаруға мүмкіндік беретін толыққанды кластер қалыптастырудағы маңызды қадам.

Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда және оның жалпы құны 23,3 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын 20 гектар аумақта орналасып, заманауи технологиялармен жабдықталатын болады. Жобаның іске қосылуы нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады.

«Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС жобаны үш кезеңде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама Түркістан облысына тартылған инвестициялардың жарқын жемісі ретінде бағаланып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға үлкен серпін береді.

Алдағы уақытта зауыттың өнімдері тек Қазақстан нарығына ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Орталық Азия елдерінің нарықтарына да экспортталатын болады. Бұл Түркістанның экспорттық әлеуетін арттырып, өңірдің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Түркістан өңірі — жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы аймақ. Жаңа зауыт импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба болып табылады. Оның іске қосылуы Түркістанды Қазақстандағы тоқыма өндірісінің орталығы ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, жобаның жүзеге асуы Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақтың тартымдылығын арттырады. Бұл инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірге қосымша инвестициялардың келуіне жол ашады. Индустриялық инфрақұрылымның дамуы мен заманауи өндіріс технологияларының енгізілуі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық өнімдердің сапасын жоғарылатады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар