САЙРАМ ЖУРНАЛИСТЕРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНЕ САЯХАТ ЖАСАДЫ

Сайрамдық журналистер Түркістан облысының киелі орындарына саяхаттап қайтты. Бұл шара Сайрам ауданы әкімінің қолдауымен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Саяхаттың мақсаты – журналистердің рухани дүниесін байыту, өлке тарихымен тереңірек таныстыру және шығармашылық шабыт беру.

Саяхатқа аудандық үш газеттің – қазақ, өзбек, орыс тілдерінде жарық көретін газеттердің ұжымдары, ауданға қызмет етіп жүрген өзге де БАҚ өкілдері, ардагер журналистер және бүгінде басқа жақта қызмет етіп жүрген түбі сайрамдық журналистер қатысты.

Шығармашылық топты рухани сапарға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев шығарып салды. Ол сапардың маңыздылығын атап өтіп, журналистерге аудан әкімінің сәлемін жеткізіп, сәттілік тіледі.

Саяхаттың алғашқы бағыты Бәйдібек ауданы аумағында орналасқан киелі орын – «Домалақ ана» кесенесі болды. Бұл жер – қазақ халқының рухани құндылықтарының бірі, аналық мейірім мен даналықтың символы. Журналистер кесененің тарихымен танысып, оның маңызын тереңірек түсінуге тырысты. Содан кейін «Ақмешіт» үңгіріне кіріп, табиғаттың тылсым сырларына куә болды.  Үңгірдің тарихи және табиғи ерекшеліктері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің назарын аударып, олардың шығармашылық қызығушылығын оятты. Бұл табиғи ғажайып орын, оның ішіндегі әсемдік пен тыныштық журналистерге ерекше әсер қалдырды.

Сапардың соңғы нүктесі – Түркістан қаласы болды. Түркістан – қазақ халқының рухани астанасы, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи орталық. Журналистер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, бабалар рухына тағзым етті. Сондай-ақ, «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешенін аралап, қаланың туристік әлеуетімен танысты.

Сайрам ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара журналистердің рухани дүниесін байытып, өлке тарихына деген қызығушылығын арттырды. Бұл саяхат тек қана туристік сапар емес, сонымен қатар журналистер үшін терең рухани тәжірибе болды. Киелі орындардың энергиясы, тарихи оқиғалардың іздері, табиғаттың сұлулығы – мұның бәрі шығармашылық адамдарына жаңа идеялар мен шабыт сыйлады.

Журналистер өздеріне жаңа білім мен керемет әсер сыйлаған  іс-шараны ұйымдастырған аудандық  ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаңабек Хамраев пен оның командасына алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

Сапарлау  – бұл тек жер көру ғана емес, сонымен қатар адамдар арасындағы байланыстарды нығайтып, бірлікті арттыратын ерекше мүмкіндік. Сондықтан түрлі ұлт өкілдерінен құралған топтың бұл күнгі бірге жасаған сапары олардың арасындағы ынтымақ пен татулықты, бірлікті бұрынғыдан да тереңдете түсетіні сөзсіз.

Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің бұл бастамасы аудан журналистерінің кәсіби дамуына және өлкетануды насихаттауға қосылған зор үлес болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар