ТҮРКІСТАН: ИНДУСТРИАЛДЫ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА ҚАРҚЫНЫ

Түркістан қаласы экономикасын дамытуда отандық кәсіпкерлікті нығайту мен жаңашыл идеяларды жүзеге асыру маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда, соның ішінде индустриалды аймақтар мен технопарктер құру – кәсіпкерлерге арналған тиімді инфрақұрылымдық шешімдердің бірі болып табылады. Бұл арнайы аймақтар кәсіпкерлерге арзан жер, заманауи инженерлік инфрақұрылым және басқа да қолайлы жағдайларды ұсынып, олардың бизнесін дамытуға серпін береді.
Түркістан қаласы бүгінгі таңда өңір экономикасын дамытудағы маңызды өндірістік алаңдардың біріне айналып отыр.

Қала аумағында орналасқан «Түркістан» индустриалды аймағы осы бағыттағы жұмыстардың негізгі орталығы болып табылады. Бүгінгі таңда аталған аймақтың жалпы көлемі 63,8 гектарды құрайды, ал алдағы уақытта оны 150 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл аумақтың кеңеюі жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өндірістік қуаттың артуына жол ашады.

Сонымен қатар, Түркістан қаласының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды жоба – «Тұран» арнайы экономикалық аймағы. Бұл аймақ 290 гектар аумақты алып жатыр және кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. «Тұран» арнайы экономикалық аймағының ерекшелігі – мұнда орналасқан инвестициялық жобалар барлық салық түрлерінен босатылып, сондай-ақ бірқатар жеңілдіктерге ие болады. Бұл шаралар инвесторларды тартуға және өңірге қосымша капиталды тартуға ықпал етеді.

Түркістан қалалық «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің» басшысы Мұхтар Төлепов алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жобалардың жай-жапсары туралы толығырақ мәлімет берді. Оның айтуынша, қала экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын 23 жоба жүзеге асырылуда.

Индустриалды аймақтағы өндірістік жобалар мен олардың әлеуеті:

«Түркістан» индустриалды аймағы аумағында қазіргі таңда жалпы құны 19,8 млрд. теңгені құрайтын 31 өнеркәсіптік-инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толығымен іске асқан жағдайда шамамен 1216 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Бүгінгі күні қалада 22 жоба табысты жүзеге асқаны атап өтілді. Олардың қатарында:

«Алем Бетон-1» ЖШС: асфальт-бетон өндіретін зауыттың құрылысы (1, 2-кезеңін қоса есептегенде). Инвестиция құны – 1 850 млн. теңге, жұмыс орны – 70.

ЖК «Grand Miks»:

1-кезең: кеңсе жиһазын өндіру. Инвестиция құны – 468 млн. теңге, жұмыс орны – 72.

2-кезең: ЛДСП өндіру. Инвестиция құны – 320 млн. теңге, жұмыс орны – 50.

«Азрет-ЖолҚұрылыс» ЖШС: шлакоблок және пластикалық бұйымдар өндіретін зауыт. Инвестиция құны – 150 млн. теңге, жұмыс орны – 43.

«Айбек ЛТД» ЖШС: құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт. Инвестиция құны – 216,5 млн. теңге, жұмыс орны – 57.

«Kaztor LTD» ЖШС: сым бұйымдарын өндіру. Инвестиция құны – 112 млн. теңге, жұмыс орны – 60.

«Turkistan textile» БК ЖШС: тоқыма бұйымдарын өндіру. Инвестиция құны – 426 млн. теңге, жұмыс орны – 200.

Бұдан бөлек, жұмысын бұлардан бұрын бастаған 9 жоба да сәтті іске асып, өндірістік процестерге үлес қосуда. Олардың қатарында асфальт-бетон сұйықтары мен оны сақтау терминалының құрылысы, асфальт-бетон өндіру, егінге қажетті тыңайтқыштар жасау жобалары бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына бағытталған маңызды жобалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «KazAgroPlast» ЖШС агропленка және тамшылатып суару ленталарын жасау жобасымен айналысса, «Нұрқағаз-Х» ЖШС қолданбалы қағаздар жасау жобасы бойынша шағын өндірістерін дамытуда. Бұл жобалар өңірдің ауыл шаруашылығын қолдауға және отандық өнімдердің үлесін арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласындағы индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың дамуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор мүмкіндіктер тудыруда. Мұхтар Ақжігітұлы Төлепов атап өткендей, бұл жобалардың жүзеге асырылуы Түркістанды тек рухани астана ретінде ғана емес, сонымен қатар қуатты өндірістік орталық ретінде де дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта индустриалды аймақтың аумағын ұлғайту және «Тұран» арнайы экономикалық аймағындағы жеңілдіктерді тиімді пайдалану арқылы бұл процестер одан әрі қарқын алатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар