Мемлекетімізде қолға алынған ауқымды бастамалар мен әрбір саналы азаматтың ұстанымы тұтас бір қоғамның келбетін айқындайды. Осы орайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Адал азамат» тұжырымдамасының идеялары өзара ұштасып, туған жерге деген сүйіспеншілікті тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеудің жарқын үлгісіне айналып отыр. Елдіктің негізі саналылықтан басталатынын аңғартатын бұл үдеріс қазіргі таңда аймақтарда, соның ішінде Арыс қаласында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қала тұрғындарына жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері Арыс аумағында тазалық талаптарының сақталуын қадағалау бағытында кезекті рейдтік іс-шараларын жүргізді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шара қалаға кіреберіс автожол бойынан басталды. Тұрмыстық қалдықтарды белгіленген кестеге сәйкес шығару, көшелерге құрылыс материалдары мен қалдықтарын ретсіз үйіп тастамау тәртібі кәсіпкерлік нысан иелері мен жеке сектор тұрғындарына жан-жақты түсіндіріліп, алдын ала ескертулер жасалды. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тек айыппұл салу емес, әрбір тұрғында ортақ үйімізге деген жанашырлық пен жауапкершілік сезімін ояту.
Патриотизм ұғымы әр адамның өз ауласына, көшесіне және қоршаған ортасына деген көзқарасынан бастау алады. Жұмысшы топ өкілдері қойылған талаптардың алдағы уақытта орындалуы міндетті екенін қатаң ескертті. Белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаған немесе заңбұзушылыққа қайта жол берген азаматтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті айыппұлдар салынуда. Өкінішке қарай, бұған дейін берілген ескертулерді елемеген бірқатар мекеме өкілдері мен тұрғындарға әкімшілік хаттамалар толтырылып, шара қолданылды. Бұл – заң мен тәртіптің үстемдігі орнаған қоғамда әрбір әрекеттің жауапкершілігі бар екенін көрсететін маңызды қадам.
«Таза қала – ортақ жауапкершілік» қағидасы әрбір арыстық үшін басты өмірлік ұстанымға айналуы тиіс. Туған жердің тазалығы мен әсемдігіне бейжай қарамай, қоршаған ортаға жанашырлық таныту – нағыз отансүйеушіліктің көрінісі. Тұрғындардың саналы қадамдары мен заң талаптарын құрметтеуі арқылы ғана қаламызды жайлы, қауіпсіз әрі таза мекенге айналдыра аламыз. Тазалыққа бағытталған мұндай маңызды рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
