Қазақстан Республикасының Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Бұл бағытты жүзеге асыру аясында әртүрлі деңгейдегі шаралар атқарылуда. Созақ ауданында да бұл мәселенің маңыздылығын терең түсініп, оған қарсы белсенді әрекет ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Бүгін Созақ ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасы мен Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіруге бағытталған маңызды жиын өтті.
Жиынды Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтіп, әрбір мемлекеттік қызметшінің бұл істегі жауапкершілігін ерекше атап көрсетті.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов арнайы қатысып, мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлық стандарттары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қызметтік әдепті сақтау мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол өз баяндамасында заңнаманың жаңа талаптарына, мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен құқықтарына тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы терең ой қозғады.
Кездесуге аудандық мекеме басшылары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер қатысты. Жиында Әдеп кодексінің негізгі талаптары, соның ішінде қызметтік этика, мүдделер қақтығысын болдырмау, сый-сияпаттарды қабылдау ережелері сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, лудоманияның (ойындарға тәуелділік) зардабы туралы да айтылып, бұл жағымсыз құбылыстың мемлекеттік қызметшінің беделіне және қызметтік міндеттерін орындауына кері әсерін тигізуі мүмкін екендігі ескертілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметтік тәртіп пен жауапкершілікті арттыру шаралары да жан-жақты талқыланып, қатысушылардың белсенді пікір алмасуына мүмкіндік берді.
Жиыннан соң Әдеп жөніндегі уәкіл Ербол Керімбекұлы бірқатар азаматты жеке қабылдап, олардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, бірқатар өтініштер бақылауға алынды. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Мұндай жиындардың тұрақты түрде өткізілуі мемлекеттік қызметшілердің заңнаманы тереңірек түсінуіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдағы сенімді арттыруға ықпал етеді.
