СОЗАҚ: «МОБИЛЬДІ ФРОНТ-ОФИС» ЖОБАСЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШАДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қайыпбек Қанат Әбдіразақұлының бастамасымен қолға алынған «Кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында Созақ ауданында кезекті көшпелі консультациялық кездесу ұйымдастырылды.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері туралы өзекті ақпаратты облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде ұсыну және бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлермен тікелей жүздесіп, олардың көкейіндегі сауалдарға жауап беру арқылы бюрократиялық кедергілерді жоюға және өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам жасады.

Қазіргі таңда еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда шағын және орта бизнесті қолдау басты басымдықтардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, әділетті Қазақстан құру жолындағы реформалар кәсіпкерлік саласына жасалатын жағдайды түбегейлі жақсартуды көздейді. Түркістан облысында аталған бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда, ал Созақ ауданында өткен бұл жиын осы жүйелі саясаттың бір көрінісі іспетті.

Іс-шараға Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, сонымен қатар «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Халық Банкі» АҚ секілді жетекші қаржылық институттардың жауапты мамандары қатысты.

Кездесу барысында қаржы ұйымдарының өкілдері мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шарттары мен мүмкіндіктерін түсіндіріп, кәсіпкерлердің жеке жобалары бойынша арнайы кеңестер берді. Осындай кешенді жұмыстардың арқасында өңірдегі кәсіпкерлік ортаның бәсекеге қабілеттілігі артып, жергілікті экономиканың тұрақты дамуына жаңа серпін беріледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар