Созақ ауданында «Әділет» партиясының аудандық сайлауалды штабы салтанатты түрде ашылып, алдағы маңызды саяси науқанға ресми түрде старт берілді. Ауқымды іс-шараға партияның аудандық филиалының басшылығы, Саяси кеңес пен сайлауалды штаб мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және белсенді қауым өкілдері жиналды.
Штабтың ашылу рәсімінде сөз алған «Әділет» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы әрі аудандық сайлауалды штабтың жетекшісі Талғат Сейдахметұлы бұл науқанның партия үшін айрықша жауапкершілік жүктейтін кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасы халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, заң үстемдігін толық қамтамасыз етуге және өңірдің тұрақты әрі сапалы дамуына бағытталған.
«Біздің міндетіміз – әрбір тұрғынмен ашық байланыс орнатып, партияның бағдарламасын жан-жақты түсіндіру, халықтың ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ асу. Сайлауалды штаб мүшелері ауданның барлық елді мекенінде белсенді жұмыс жүргізіп, партияның ұстанымдары мен бастамаларын әрбір сайлаушыға жеткізу үшін күш-жігерін салады. Бірге әрекет ете отырып, Әділетті Қазақстанды құруға өз үлесімізді қосамыз», – деді Талғат Сейдахметұлы.
Аудандық штабтың құрамына қоғамдық жұмыстарда әрдайым белсенділік танытып жүрген тәжірибелі партия мүшелері мен құрметті қоғам өкілдері енді. Олар алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, тұрғындармен бетпе-бет кездесулер өткізу және сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын кеңінен түсіндіру бағытында қарқынды жұмыс атқаратын болады.
Алдағы үгіт-насихат кезеңінде штаб мүшелері Созақ ауданының барлық елді мекендерін толық қамтып, әрбір азаматтың ұсынысы мен пікіріне аса мән бермек. Елдікті еңсерген маңызды бастамалар халыққа жеткізіліп, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы ортақ іс бірлескен күш-жігермен жалғаспақ.
