Еліміздің экономикалық дамуында ауыл шаруашылығының рөлі ерекше. Ол тек халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар отандық кәсіпкерліктің өркендеуіне де тығыз байланысты. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы – бұл бағыттағы жұмыстардың белсенді жүргізіліп жатқан аймақтарының бірі. Ауданның табиғи-климаттық жағдайлары, жер қоры және еңбек ресурстары ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы алғышарттар тудырады.
Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарына егіншілік, мал шаруашылығы, бау-бақша өсіру және көкөніс өсіру жатады. Бұл салалардың әрқайсысы өз алдына кәсіпкерлік үшін мол мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудандаа агроөнеркәсіп саласы тұрақты даму жолына түсті. Бұл жетістіктер – аудан шаруаларының қажырлы еңбегінің, дұрыс жоспарлаудың және бірліктің жемісі.
Биыл аудан бойынша 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл – ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттырудағы маңызды қадам. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 6 925 гектар аумақ су үнемдеу технологиясымен игеріліп отыр. Бұл – су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды факторы.
Жылыжай шаруашылығы бағытында да оң өзгерістер бар. Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер телімі бөлініп, 42 шаруаға берілді. Оның 30-ы “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы қолдау алып, бүгінде 23 азамат алғашқы өнімін жинауда. Бұл бағдарламаның тиімділігін көрсетеді және ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Осылайша, аудандағы жылыжай көлемі 134 гектарға жетті. Бұл – аудан тұрғындарын сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Аудан шаруалары еңбек өнімділігін арттыру мақсатында биыл 144 дана жаңа техника сатып алды. Жаңа техниканың келуі ауыл шаруашылығы жұмыстарын жеңілдетіп қана қоймай, өнімділікті арттыруға да септігін тигізеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 450 мың тоннаға, жалпы құны 55,9 млрд теңгеге жетті. Бұл – ауданның экономикалық дамуына қосылған үлкен үлес.
Мал шаруашылығында да тұрақты өсім байқалады. Төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жеткен. Бұл – аудан халқын ет, сүт және басқа да мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудегі маңызды көрсеткіш.
Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері – бұл тек қана статистикалық мәліметтер емес, бұл – аудан тұрғындарының еңбегінің, бірлігінің және болашаққа деген сенімінің көрінісі. Біз алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшімізді саламыз және Президентіміздің тапсырмаларын орындауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз.
