Отырар ауданының Талапты ауыл округінде соңғы уақытта ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарды. Бұл жұмыстардың басым бөлігі халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге, ауылдардың жайлылығын арттыруға бағытталған.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – ауылдық жерлерді жаңғырту. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Талапты ауыл округінде де елеулі өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, Көкмардан ауылындағы Д.Жезмырзаев көшесіне, Шытты ауылындағы Қ.Өмірзақова көшесіне асфальт төселді. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының жол қатынасын айтарлықтай жақсартып, көлік жүрісін жеңілдетті.
Аудандық бюджеттің қаржылық қолдауы да Талапты ауыл округінің дамуына зор ықпал етті. Осы бюджет есебінен Шытты және Көкмардан елді мекендерінен өтетін М.Сәрсенбаев және Қ.Өмірзақова көшелері асфальтталды. Бұл жобалар ауылдардың орталық инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындардың қалаған жерге жетуін оңайлатты.
Сарыкөл ауылындағы Ш.Қалдаяқов көшесіне аяқ жол салынды. Ауыз су мұнарасына күрделі жөндеу жүргізілуде. Көкмардан ауылындағы орталық аялдама жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, аудандық бюджет қаржысы арқылы М.Қабылов көшесінде жарықтандыру және аяқ жол салу жұмыстары атқарылды. Кешкі уақытта жарықтандырудың болуы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бұл жұмыстардың барлығы Талапты ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта да ауыл округінде осындай маңызды жобаларды жүзеге асаыру жалғаса береді.
