ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында елді мекендерді, қалалар мен аудандарды әлеуметтік маңызы бар нысандармен, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 93 нысанның құрылысына бюджеттен 77,3 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысында 58 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 7-еуі ел игілігіне тапсырылған. Құрылыс саласындағы жұмыстардың барысы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы, тұрғын үй мен инженерлік желілерді дамыту мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.

Сапа мен мерзім – басты талап

 Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір нысанның сапалы әрі уақтылы тапсырылуы керектігін қатаң ескертті.

«Құзырлы мекемелер, жауапты басшылар құрылысты басталған сәттен бастап қадағаласын. Халықтың салығы есебінен жасалып жатқан жұмыс талапқа сай болуы қажет. Егер бекітілген жоспарға сай жұмыс атқармаса және ғимаратты сапасыз салса, мердігермен келісімшартты үзіңіздер. Құрылыс материалының сапасы, жұмысшы саны, нысанның мерзімінде тапсырылуы қатаң бақылауда болатын болсын», – деді Нұралхан Көшеров.

Ол кемшілік анықталған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

Білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларындағы жетістіктер

 Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.

Білім саласы: Облыста 13 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 9 мектептің құрылысына 8,6 млрд теңге бөлініп, бүгінде Ордабасы ауданындағы үш мектеп пайдалануға берілді. Қалған алты мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Созақ ауданындағы №1 колледждің жатақханасы мен Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында салынып жатқан жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы жалғасуда.

Денсаулық сақтау саласы: Төрт нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Ал Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қаржысы есебінен салынып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағаш қаласында 300 орынды көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталған.

Мәдениет саласы: 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Жетісай ауданындағы Жылы су ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін өңірдің бірнеше ауданында мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар ел игілігіне беріледі.

Спорт саласы: 10 нысанның құрылысы қолға алынған. Қазіргі таңда Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын тапсыру көзделген. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатқан ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі Бәйдібек ауданында пайдалануға берілсе, Келес ауданындағы нысан шілде айында ел игілігіне ұсынылады.

Тұрғын үй және инженерлік желілерді дамыту

Мәжілісте тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді дамыту мәселелері де жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы жұмыстардың да сапалы әрі уақтылы орындалуын қадағалауды тапсырды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету және елді мекендерді қажетті инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, газ) қамту – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл жұмыстардың да жыл соңына дейін белгіленген жоспарға сай орындалуына ерекше назар аударылады.

Облыстағы тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, тұрақты бақылауда. Биыл әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен жалпы көлемі 1 млн 250 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ағымдағы жылдың бес айында бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізіліп, 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы өсім көрсеткіші 115,6%-ды құрап, құрылыс саласының динамикалық дамуына дәлел болады.

Қалалық ортаны жақсарту мақсатында кредиттік және арендалық тұрғын үйлердің құрылысы мен сатып алу жұмыстары да тынымсыз жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымды нығайту бағытында 47 нысан бойынша жұмыстар қолға алынған. Жыл қорытындысы бойынша аталған нысандардың 22-сі пайдалануға берілуі тиіс, ал қалған жобалар келесі кезеңге өтпелі жоба ретінде жалғастырылады. Бұл кешенді шаралар азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға және өңірдегі қала құрылысының сапасын арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауымен және жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысының арқасында, биылға жоспарланған 58 нысанның пайдалануға берілуі күтілуде. Бұл жұмыстар өңір халқының әл-ауқатын арттыруға, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларындағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар