Елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси өзгерістер мен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар әрбір азаматтың мүддесін қорғауға және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға негізделген. Осы бағыттағы игі бастамалардың жалғасы ретінде Созақ ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халыққа сапалы заңгерлік көмек көрсетуге арналған «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Маңызды шараның басы-қасында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, аудан прокурорының орынбасары Асылбек Сламбекұлы бастаған жауапты органдардың басшылары, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер мен мемлекеттік мекеме өкілдері болып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тікелей тыңдады. Қабылдау барысында жұртшылықты толғандырған жер мен тұрғын үй қатынастары, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті сауалдар жан-жақты көтеріліп, мамандар тарапынан қазіргі заман талабына сай құқықтық реформалар аясында нақты түсіндірмелер берілді.
Жиын барысында әрбір азаматтың өтініші мұқият қаралып, қолданыстағы заңнама нормалары бойынша сарапшылық кеңестер ұсынылды. Сонымен қатар, арнайы түсіндіру жұмыстары арқылы күрделі мәселелерді шешудің жолдары мен тиісті ведомстволарға арыз-өтініш жолдау тәртібі айқын көрсетіліп, тұрғындарға қажетті бағыт-бағдар берілді. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық әлеуетін көтеруге және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға елеулі үлес қосатын маңызды қадам болды.
